Бұқтырма су қоймасындағы көпір құрылысы уақтылы аяқтала ма

Фото: Фото: inbusiness.kz

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы осыдан екі жыл бұрын Президент тапсырмасынан кейін басталған. 2024 жылы салынып бітуі тиіс. Бірақ, ел ішінде «құрылыс созбалаңға салынып кете ме?» деген күдік бар. Әлеуметтік желіде тараған қаражаттың жетіспеушілігі сынды ақпараттар отқа май құйып, ел уайымын одан сайын күшейтіп отыр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі құрылыс жұмыстарының қазіргі ахуалын анықтап көрген еді.

Күршім мен Самар аудандарының арасын жалғайтын «Қызыл Ту» өткеліндегі паромнан дүйім жұрттың ығыры шыққалы қашан?! Көптің көкейінде жүргені «көпір салынса» деген тілек еді.

Сарыла күтуден сабыры сарқылғандар қолды бір сілтеп, жаппай қалаға қоныс аударды. Шекара шебіндегі ауылдардың базары тарқалып, түтіні сиреп бара жатты. Әйтеуір, 2019 жылы елдің мұңы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жетіп, Бұқтырма су қоймасына көпір салынатын болды.

Бұл жылы паром қайта-қайта сынып елдің мазасын қашырған-тұғын. Шілде, тамыз айларында екі паром бірдей істен шығып, халықтың наразылығы одан сайын күшейе түскен.

Осыған орай, сол кездегі облыс әкімі Даниал Ахметов ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жағдайды бақылауға алуды, өткел мәселесін шешу үшін арнайы топ құруды, полиция қызметкерлеріне кезекшілікті күшейтуді тапсырған.

Бірақ, жылда қайталана беретін бұл мәселе көпір салынбаса, түпкілікті шешілмейтінін айтпаса да түсінікті болды. Осы жайлы қыркүйек айында республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде мақала жарияланған еді.

«Egemen Qazaqstan» газеті ШҚО Күршім ауданының 20 мыңнан астам тұрғынын толғандырған өзекті мәселені көтерді. Халық 50 жыл бұрын салынған ескі пароммен қатынап жүр. Үкіметке Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірге Бұқтырма су қоймасына көпір салу үшін қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырамын», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзінің Twitter парақшасында.

Екі жылға жуық уақыттан кейін көпір құрылысы басталды. 2021 жылдың қыркүйек айында дайындық жұмыстары аяқталып, суға ұзындығы 12 метр болатын алғашқы темір тіреулер қағылған.

«Жоспар бойынша әуелі уақытша көпір салынып, сол арқылы негізгі көпірдің құрылысы жүргізілмек. Құрылысқа қажетті материалдар жеткілікті. Қазіргі уақытта сол жерде 60 адам жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, таяу күндері суға темір тіреуіш қағатын тағы бір қондырғы жеткізіледі. Бетон жабындылар құрылыс басында өндірілетіндіктен, метал конструкциялар ғана баржы арқылы тасымалданып жатыр. Қажетті материалдардың негізгілері Қазақстанда шығарылған. Құрылыс қыста да жалғасатындықтан, нысан белгіленген уақытта аяқталады деп жоспарланып отыр», - деген еді Күршім аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Акрамов. 

2022 жылы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында «Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір өткелінің құрылысы» жобасының бастапқы құны 30,2 млрд теңге болғанын, кейін құрылыс материалдары құнының өсуіне байланысты жобалау-сметалық құжаттамасы түзетіліп, жобаның құны 61,4 млрд теңге болғанын мәлім етті.

«2022 жылға дейін жоба бойынша 19,2 млрд теңге немесе 31 пайыз бөлінді. Жұмысты жалғастыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте 5 млрд теңге қарастырылған. Құрылысты уақтылы аяқтау мақсатында 20 млрд теңге сомасында қосымша қаржыландыру 2023 жылы республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаралады. 2024-2026 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде 17,2 млрд теңге мөлшеріндегі қаржыландыру қалдығы қарастырылады», - деді Әлихан Смайылов. 

Осы жылдың шілде айының ортасында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірді салып жатқан «ОблШығысЖол» ЖШС директорының орынбасары Нигматулла Абдулхаков видео мәлімдеме жасады. 

Онда көпір құрылысы ұзаққа созылуы мүмкін екендігін айтып, дабыл қаққан. Серіктестік көпір құрылысына қатысты жарияланған тендерді ұтып алып, жобаға енгізілген соңғы түзетулерден кейін 2021 жылы көпір салуды бастап кетті.

Биыл құрылыс жұмыстары екінші кезеңге жеткен.

«Жалпы, құны 62 млрд теңге болатын жобаға екі жарым жылдың ішінде 20 млрд теңге ғана бөлінді. Ал дәл қазіргі сәтте қаржыландыру мүлде тоқтап қалған. Осылайша, біз құрылысты өз қаржымызға жүргізуге мәжбүрміз», - деді Нигматулла Абдулхаков.

Айтуынша, Күршім мен Самар аудандарының халқы үшін аса маңызды көпірдің құрылысы тоқтамайды.

«Керекті материалдарды жеткізіп жатырмыз. Жұмыс тоқтаған жоқ. Бірақ, қаражат жетіспегендіктен, жұмысшыларға жалақы кешіктіріліп отыр. Көпірге қажетті негізгі аралық құрылымдар Ресейдің «Курганстальмост» зауытында жасалады. Бұл металды алу оңай емес. Алдын ала ақша төлемесе болмайды. Өзім 1984 жылдан бастап көпір құрылысымен айналысып келе жатқандықтан, 40 жыл бойы жұрттан Бұқтырмаға көпір қажет екендігін естіп келемін. Көптен күткен көпір құрылысы басталды. Бірақ егер бір-екі айда ақша бөлінбесе, құрылыс жұмыстары ұзаққа созылып кетуі мүмкін», - деді сол кезде Н. Абдулхаков.

Көп ұзамай облыс әкімі Ермек Көшербаев ШҚО әкімдігінде өткен мәслихат сессиясында бұл аса маңызды көпір құрылысы міндетті түрде аяқталатынын айтты.

«Көпірге республикалық бюджеттен қаражат бөлінуі тиіс. Алайда қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі нақты шешімін тапқан жоқ. Бірақ, Үкіметпен келіссөз жүргізіліп жатыр. Сондықтан, құрылыс жұмыстары міндетті түрде аяқталады. Бірақ қаражаттың қашан бөлінетіні әзірге белгісіз», - деді ол 20 шілде күні. 

Міне, сол уақыттан бастап күні бүгінге дейін көпір құрылысына қатысты ешқандай хабар жоқ. Осыған байланысты ҚазАқпарат тілшісі ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ресми сұраухат жолдап көрді.

«Жоспарланған 2 жолақты автокөлік көпірінің ұзындығы – 1 316, ені – 12,2 метр болады. Көпір Күршім ауданы Құйған ауылының жанындағы Бұқтырма су қоймасының ені ең аз учаскесінде салынып жатыр. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 19 978,13 метр автожол салынса, көпірді есептемегенде құрылыс ұзындығы – 18 657 метр. Жобаның құны – 61,4 млрд теңге. 2023 жылға дейін жоба бойынша 19,4 млрд теңге игерілді. Осы жылға республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлініп, толықтай игерілген. Облыстық бюджеттен қосымша 3 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, тағы 15 млрд теңге бөлуге бюджеттік өтінім берілді», - деп жауап берді басқарма басшысының орынбасары Ерлан Уәлиев.

Көпір құрылысының нақты қашан аяқталатынын да сұрадық. Келген жауапта «республикалық бюджеттен тиісті қаржыландыру болса, құрылыс 2024 жылы аяқталады» деп жазылыпты. Демек, қаржы бөлінсе, көпір құрылысы ұзаққа созылмайды.

«Қазіргі уақытта көпірде болатын 21 тіректің 9 тірегі салынды. Тағы 6 тірегіндегі жұмыстар жалғасып жатыр. Аралықтардың 20 металл конструкциясының 11-і дайындалып, объектіге жеткізілді. Бүгінде олардың екеуі орнатылды. Нысанда 207 адам жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 100-і вахталық режимде. Барлығы 50 техника жұмылдырылған. Көпір құрылысы үнемі біздің бақылауымызда», - делінген жауапта.

Бұдан бөлек, Күршім ауданының әкімдігіне де хабарласып көрдік. Қысқа жауап берген аудан әкімінің орынбасары Рәзия Үмітбаева «көпір 2024 жылдың аяғына қарай салынып бітуі тиістігін» жеткізді.

Бірақ сайып келгенде, бәрі республикалық бюджеттің қаржыландыруына келіп тіреледі...