Бұқтырмадағы көпір құрылысына шетелдік жұмыс күші тартылмаған
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасына Президент тапсырмасымен салынып жатқан көпір құрылысына шетелдік жұмыс күші тартылмаған. Бұл туралы өңір әкімдігінде өткен жиналыс барысында мәлім болды.
Қазір Бұқтырма су қоймасындағы көпір құрылысы аяқталуға шақ қалды. Жоспар бойынша Қазақстандағы ең ұзын көпір (1316 метр) Республика күнінде ашылуы тиіс.
«Көпірдің ашылуы облыс тұрғындары үшін тарихи оқиға болайын деп тұр. Құрылыс жұмыстарына шетелдік жұмыс күні мүлде тартылмаған. Біздің инженерлеріміз, сәулетшілеріміз бен жұмысшыларымыз көпірді бастан-аяқ салып шықты. Сондықтан бұл толыққанды отандық жоба деуімізге әбден болады», - деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Еске салсақ, осыған дейін Бұқтырмада салынып жатқан көпірдің екі жағына бекет қойылуы мүмкін екендігі хабарланған.