ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алтай ауданы Октябрь кентіндегі №20 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Еламан Нукушев қызметтен бос уақытында Бұқтырма су қоймасына демалуға келген. Бір кезде ол маңайдағы адамдардың айқайын естіді.
«Белгілі болғандай, суда басқа балалармен ойнап жүрген 13 жастағы жеткіншек кенеттен көтерілген толқынның астында қалып қойған. Туыстары жақын жерде болган, бірақ жүзе алмайтындықтан көмек сұрап қатты айқайлай бастады. Еламан еш ойланбастан суға секіріп, батып бара жатқан балаға жетіп, аман алып қалған», - делінген ақпаратта.
Туыстарының айтуынша, бала Семей қаласынан демалуға келген.
«Еламан Нукушев азаматтық қорғау органдарында 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясын бітірген. Бала кезінен құтқарушылар қатарында болуды армандады. Ол адам ажалдан алғаш рет арашалап тұрған жоқ. 2022 жылы Октябрьский ауылында болған өрт кезінде егде жастағы әйелді құтқарып қалған болатын», - делінген хабарламада.