Бұл жыл сіздерге арналды: Президент Халықаралық еріктілер жылымен құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялау бастамасын Қазақстан көтеріп, оны БҰҰ-ға мүше мемлекеттер қолдады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясына қатысқан жастармен кездесуде айтты.

Фото: Ақорда

– Cіздер – жас, жігерлі азаматсыздар. Волонтерлік қызметпен айналысып жүрсіздер. Өте дұрыс. Мен еріктілердің еңбегін қолдаймын. Бұл – елге шынайы жанашыр болудың нақты көрінісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Президент саябағында өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында.

Мемлекет басшысы 2020 жыл Волонтер жылы ретінде аталып өткенін еске салды. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымында сөйлеген сөзінде ол Халықаралық волонтерлер жылын белгілеу туралы бастама көтерді.

– Бұл ұсынысымды әлем елдерінің барлығы дерлік қолдап, 2026 жыл Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланды. Бұл жыл сіздерге арналды. Бұдан бөлек, Қазақстан – волонтерлік қызметті ең жоғары заң деңгейінде, яғни Конституцияда бекіткен санаулы мемлекеттердің бірі. Осы орайда, еліміздегі және шетелдегі барша еріктілерді шын жүректен құттықтаймын!, – деді Қ. Тоқаев.

Былтыр Президент БҰҰ мінберінен елімізде «Таза Қазақстан» бірегей жобасы табысты жүзеге асырылып жатқанын айтқан еді.

– Соның негізінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында 22 сәуірді «Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні» деп жариялауды ұсындым. Бұл бастаманы да БҰҰ Бас Ассамблеясының барлық мүшесі түгел қолдады деуге болады. Мұның бәрі Қазақстанның дүние жүзіндегі озық үрдістерді терең түсініп, заман талабына сай дамып келе жатқанын көрсетеді. Осылайша, еліміз әлемдегі бейбітшілікті сақтауға өзінің елеулі үлесін қосып отыр. Еліміздің болашағы – сіздер сияқты білімді, белсенді, көзі ашық, көкірегі ояу, талапты жастардың қолында! Жолдарыңыз әрдайым ашық болсын!, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты және жас экобелсенділермен бірге Президент саябағы аумағында ағаш екті.

Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясына 7 млн адам қатысып, 130 мың гектар жер тазартылған.