Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған баспасөз мәжілісінде ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова айтты.
— Заңсыздықтардың алдын алудың тиімді тетігі ретінде уәкіл өкілдеріне балалар орналасқан барлық ұйымға, соның ішінде жабық мекемелерге де кедергісіз кіру құқығы берілді. Осылайша, әрбір келеңсіз жағдай уәкілдердің жеке бақылауында болады және бұл барлық мемлекеттік органның қызметін тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді, — деді спикер.
Бұдан бөлек жиында кәмелетке толмағандар арасында заңға бағынушылық мәдениетті қалыптастыру жайлы сөз болды. Мәселен, 2025-2026 оқу жылында Талғар ауданындағы 10 мектеп пен 3 колледжде «Заң және Тәртіп» идеологиясы аясында арнайы сабақтар енгізілген.
— Бұл пилоттық жоба «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында еліміздің басқа өңірлерінде де ауқымды түрде жалғасын тауып отыр. Оған қоса, қазіргі таңда балабақшалар мен мектептерде және колледждерде 100% «Қауіпсіздік сабақтары» өтіп, жедел көмек көрсететін QR-111 жүйесі де кеңінен қосылған, — деді вице-министр.
Сондай-ақ министрлік өкілі бүгінде барлық өңірде Психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істеп тұрғанын тілге тиек етті. Оның мәліметінше, бұл орталықтарға 2025 жылы 28 мың бала жүгінсе, 2026 жылдың 1-тоқсанында 6 мыңнан астам бала мен 3,5 мыңға жуық ата-анаға кәсіби деңгейде көмек көрсетілген.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі мектептегі буллингке қарсы жаңа іс-шаралар әзірлеп жатқаны жөнінде жаздық.