Бурабай кереметі: Табиғи қорықтағы шолу алаңдары қалай өзгерді

Фото: Әділ Саптаев

АСТАНА. KAZINFORM - Бөлектау тауы, Аютас пен Кебістас, Мойнақ, Максимка жартасы мен Иманай бұлағы және Махаббат алаңы. Қазір Бурабайдағы шолу алаңдары осылай аталады. Барлығы жеті алаң жаңарды. Kazinform агенттігінің тілшісі ұлттық табиғи паркке барып, таңғажайып мекеннің жаңа келбетін көріп келді.

«Бөлектау» тауы енді альпинистер маршруты ғана емес. Бұған дейін тайғанақ тастар жоғары көтерілуге кедергі келтірсе, қазір баспалдақпен жүруге болады. Ал жоғары көтерілгенде сізді бүркіт бейнесіндегі арт нысаны бар орталық алаң күтеді. Туристер бұл алаңға шоғырланып, көп уақытын өткізеді. Себебі жоғарыдан төмен қараған адам Бурабайдың тұмса табиғатына көз жүгіртеді.

Фото: Әділ Саптаев

- Әсем табиғатты тамашалау үшін жайлы жағдай жасалды. Жаңа жобаны іске асыру кезінде бірде-бір ағаш кесілмеді, табиғатқа зиян келтірілмеді. Бәрі де өз табиғи қалпын сақтап қалды. Мәселен «Биші қайыңды» паркі отбасымен бірге тынығуға арналған мекен. Мұнда жасанды тастан жасалған түрлі мүсін бар, орындықтар қойылып, табиғат аясына тамақтануға арналған орын жасалды,- деді «Архи просто» компаниясының бас директоры Дастан Смағұлов.

Фото: Әділ Саптаев

«Күйген мүйісте» де шолу алаңы бар. Киіз үй пішіндес алаңда фотоға түсіп, күннің батуын тамашалауға болады.

Бурабай мен Үлкен Шабақты арасында тағы бір шолу алаңы орналасқан. Бұл жерден бірден екі өзенді көруге болады.

Фото: Әділ Саптаев

Қауіпсіздік шарасына ерекше назар аударылды. Ағаштарға және тіреулерге 35 «ақылды» бейнекамера орнатылды және SMART жүйесіне қосылды. Мұнда туристердің маршрутын толық көруге болады. Тіпті табиғатты қорғау талаптарын ескермегендер де тіркеледі.

«Махаббат алаңы» - романтикалық орын. Бұл бала-шағасымен бірге тыныққан отбасы үшін таптырмас мекен. Кешкілік тыныштық орнап, тек желдің дыбысын, ағаштардың сыбдырын естуге болады. Жаңарған Бурабайдың бүгінгі кейпі осындай.

Фото: Әділ Саптаев

Бұған дейін Ақмола облысының әкімі Бурабайдағы жерлерге қатысты тараған ақпаратқа түсініктеме берді.