Бурабай курортына қатынайтын жолаушылар пойызының саны онға дейін ұлғайды

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық тасымалдаушы жазда Бурабай бағыты бойынша 144 мыңнан астам жолаушыны тасымалдауды жоспарлап отыр. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

Жазғы демалыс маусымында ұлттық тасымалдаушы Бурабай курорты бағыты бойынша 144 мыңнан астам жолаушыны тасымалдауды жоспарлап отыр. Табиғаты көркем өңір жыл сайын ішкі туризмнің ең сұранысқа ие бағыттарының бірі ретінде мыңдаған демалушыны қабылдайды.

Жолаушылардың қатынауын қамтамасыз ету мақсатында Бурабай курорты станциясында түрлі санаттағы 10 жолаушылар пойызы аялдайды. Олар курорттық аймақты еліміздің ірі қалаларымен және өңірлерімен байланыстырады.

Бурабай бағыты бойынша келесі пойыздар қатынайды:

1. №47/48 «Нұрлы жол – Атырау» – күнара;
2. ⁠№83/84 «Қарағанды – Мәскеу» – аптасына екі рет
3. ⁠№105/106 «Алматы – Петропавл» (Talgo) – күнара;
4. ⁠№113/114 «Алматы – Қазан» – аптасына бір рет;
5. ⁠№139/140 «Павлодар – Пресногорьковская» – күнара
6. ⁠№145/146 «Нұрлы жол – Омбы» – аптасына үш рет;
7. ⁠№323/627 «Нұрлы жол – Петропавл/Қызылту» – күнара;
8. ⁠№887/888 «Нұрлы жол – Бурабай курорты» – аптасына бес рет;
9. ⁠№6829/6830 «Сороковая – Көкшетау» – күн сайын;
10. ⁠№7507/7508 «Нұрлы жол – Көкшетау» – күн сайын.

Жолаушылар пойыздарына билеттер сатылымы пойыз жөнелтілетін күнге дейін 45 тәулік бұрын ашылады және жөнелтуге 10 минут қалғанда тоқтатылады. Ал қала маңындағы пойыздарға билеттер 10 тәулік бұрын сатылымға шығып, пойыз жөнелгенге дейінгі 10 минутқа дейін қолжетімді болады.

Билеттер ресми bilet.railways.kz сайтында, «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларында, сондай-ақ, билеттерді сатудың мобильді сервистері арқылы қол жетімді.

Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі, сондай-ақ, «Жолаушылар тасымалы» АҚ @jolaushylar_tasymaly ресми Instagram-аккаунты арқылы білуге болады.

Еске сала кетейік, жақында Ақмола облысында туристік маусым ресми түрде ашылды.