Бурабайда казино қызметкерін басынан ұрып, ұялы телефонын тартып алған

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабайда 27 жастағы казино қызметкерін басынан ұрып, ұялы телефонын тартып алған күдікті ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицейлердің мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың 14 қаңтарында Бурабай аудандық ІІБ кезекшілік бөліміне 27 жастағы көкшетаулық әйел арызданған.

«Зардап шегушінің сөзіне қарағанда, Бурабайдағы казинолардың бірінде  жұмыс істейтін ол таңғы 05:45 шамасында үйіне қайтпақ болады. Жолда такси күтіп тұрған оны белгісіз ер адам өзімен бірге жүруді талап етеді. Айтқанына көнбеген соң ер адам  оны басынан ұрып, құны 50 мың теңгенің «Айфон 4» ұялы телефонын алып оқиға орнынан тайып тұрады.

Есін жиған қыз бірден полицияға хабарласады. Араға 20 минут салып, «Боран» жол-патрульдік полициясының қызметкерлері аға сержант Нұржан Жабин мен Сергей Товмасян 26 жастағы жергілікті тұрғынды қолға түсірді», деп көрсетілген хабарламада.

Қазіргі кезде, күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалып, үстінен ҚР ҚК 191 бабының 2 бөлімі сотқа дейінгі іс қозғалды.