Бурабайда зерек әрі есте сақтау қабілеті жоғары құс көзге түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Бурабай орманында туристер самырсын құсын кездестірген.

Фото: pixabay

Ұлттық паркте серуендеп жүрген турист Park House маңындағы орманда самырсынқұсты байқап қалған. Бір қызығы, құс адамдардан аса үрікпей, өзін еркін ұстаған.

Самырсын — қарғалар тұқымдасына жататын, зеректігімен және есте сақтау қабілетінің жоғарылығымен ерекшеленетін құс. Күзде ол қысқа азық жинап, тұқымдар мен жаңғақтарды әртүрлі жерге жасырады. Таңғаларлығы, қар басып қалған кезде де жасырған азығының біразын тауып ала алады.

Самырсынның табиғаттағы рөлі де ерекше. Ол қылқанжапырақты ағаштардың тұқымдарын таратуға көмектеседі. Құстың ұмыт қалған қорындағы тұқымдар қолайлы жағдайда өніп, жаңа ағаштардың өсуіне ықпал етуі мүмкін.

Осындай күтпеген кездесу Бурабайдың жануарлар дүниесі қаншалықты бай екенін тағы бір мәрте көрсетеді. Ең бастысы — орман құстарын үркітпей, қоректендіруге тырыспай, табиғи тіршілігіне кедергі келтірмей бақылау.

Айта кетелік Ертіс орманында бұлан көбейгені туралы жазған едік.