«Сүйкімді жануарларға азық беріп, селфи жасауға бәріміз құмармыз, әрине. Дегенмен, егер біздің жануарлар ауырып қалмасын десеңіз, хайуанаттар бағына келгенде қарапайым азықтандыру ережелерін сақтауыңызды сұраймыз», — дейді «Бурабай-Даму» ЖШС қызметкері Әсем Мұқымова.
Нені есте сақтау керек?
- Шөпқоректілерге нан, сәбіз, қызылша және басқа да көкөністерді қалыңдығы 1 см-ден аспайтындай етіп, дөңгелеп беруге болады.
- Жыртқыштарға жуан сүйектері бар ет бермеңіз.
- Көкөністерді тұтастай жесе, өңеші бітеліп, қақалып қалуы мүмкін.
- Шабдалы, қара өрік, нектарин тәрізді жемістерді кесек-кесегімен жегізбеңіз.
- Азықтандырмас бұрын, азықтың бүлінбегеніне, шірік, көгеру және бөгде заттардың жоқ екеніне көз жеткізіңіз.
- Полиэтилен пакеттер табиғатқа орасан зиян келтіретінін білеміз. Сол үшін ондай қалдықтарды жануарлардың жанында қалдырмаған жөн. Жеп қойып немесе басқа жағдайға ұшыраса, өліп қалуы мүмкін.
Айта кетсек, Президент Іс басқармасы «Бурабай-Даму» кәсіпорнының Хайуанаттар бағы баршаңыз үшін есігін айқара ашты.
Еске салайық, «Бурабай» ұлттық паркінде 470 тонна шөп және 135 мың бума жапырақ дайындалды.