«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің (МҰТП) іргелес аумағында, атап айтқанда, RIXOS LAKE BOROVOE қонақүйінің аумағында пиротехникалық бұйымдар қолданылып, отшашу ұйымдастырылған.
Орманды алқапта атылған отшашу бейнеленген видео әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің наразылығын туғызды.
Өрт шығу қаупі жоғары кезеңде желді ауа райына қарамастан пиротехникалық бұйымдарды (салюттерді) қолдануға рұқсат бергені үшін RIXOS LAKE BOROVOE қонақүйінің иесі, сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды іске қосқан ұйым Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті өрт қаупі жоғары кезеңде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Өрт шығу қаупін тудыруы мүмкін жерлерде ашық от пен пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға жол бермеу қажет.
Қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарау — табиғатты, мүлікті және адам өмірін сақтаудың кепілі.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте жүріп келе жатқан көліктен отшашу атқан азамат жауапқа тартылған болатын.