Бүркітші Айшолпан: Халықаралық жарыста 6 секундтық рекорд әлі бұзылған жоқ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақтың байырғы саятшылық өнерін әлемдік деңгейде насихаттап жүрген әйгілі бүркітші, халықаралық фестивальдердің жеңімпазы Айшолпан Нұрғайып елордаға қоныс аударды. Бұл туралы ол Jibek Joly телеарнасының Бүгін.LIVE бағдарламасында берген сұхбатында мәлім етті.

Фото: видеодан алынған скрин

Әлемге «The Eagle Huntress» деректі фильмі арқылы танылған Айшолпан Нұрғайып бүгінде Астана қаласында шығармашылық және кәсіби қызметін жаңа бағытта жалғастырды.

Айшолпан Нұрғайып өзінің бұл өнерге қалай келгені және алғаш рет балапан алған сәтіндегі қауіп-қатер туралы айтып берді. Ол 13 жасында әскери борышын өтеуге кеткен ағасының жолын жалғап, әкесінің баулуымен құсбегілікке бет бұрған.

— 13 жасымда жайлаудағы биік шыңда орналасқан ұядан балапан алуға бел будым. Әкем белімді арқанмен байлап, төмен түсірді. Бұл өте қауіпті сәт еді, себебі балапанын қорғаған ана бүркіт келіп қағып кетсе, қиядан құлап кетуім мүмкін еді. Бірақ әкем жоғарыдан айқайлап, бүркітті ұяға жақындатпады. Ұяда екі балапан болды. Мен соның ішінде ірілеу әрі мықтылау келетін ана балапанын таңдап алдым. Бір арқанымыз үзіліп кетіп, екінші арқанмен әрең көтерілгенім де есімде. Бұл өте қауіпті болғандықтан, мен мұндай тәсілді болашақ шәкірттеріме қолданбаймын, — дейді ол.

Айшолпан өзінің спорттық мансабында халықаралық жарыста бүркітті 6 секунд ішінде нысанаға, яғни қоян не түлкіге қондырып, әкесінің рекордын жаңартқан. Бұл көрсеткішті қазіргі күнге дейін ешбір құсбегі бұза алған жоқ. Ол алдағы уақытта да халықаралық турнирлерге қатысуды жалғастыратынын жеткізді.

Фото: видеодан алынған скрин

Құсбегі қыран құсты баптаудың қыр-сыры мен олардың биологиялық ерекшеліктеріне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, құсты үнемі тұғырда ұстауға болмайды.

— Бүркіт адам жасымен есептегенде 60-70 жылға дейін өмір сүреді. Күз айларынан бастап қансонар шыққанда аңға салып, баптаймыз. Ал наурыз айынан бастап құс түлейді, қанаттары мен тырнақтары түсетін уақытта оларды аңға шығармаймыз. Бүркіт 4 айда бір рет осындай кезеңнен өтеді. Құс 5 жасқа толғанда, яғни «ана жасына» жеткенде, біз оны табиғатқа, өз ортасына еркіндікке жібереміз. Одан кейін таудан қайтадан жаңа балапан алып, тәрбиелейміз. Бұл — ата-бабамыздан қалған алтын заңдылық, — дейді бүркітші қыз.

Бүгінде Айшолпан Нұрғайып бес тілде (қазақ, моңғол, түрік, ағылшын және орыс) еркін сөйлейді. Ол болашақта қытай тілін де меңгеруді жоспарлап отыр. Тіл үйренудің басты мақсаты — қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін шетелдік туристерге өз тілдерінде сауатты жеткізу.

Елордаға көшкеннен кейін Айшолпан шығармашылық жұмысқа кіріскенін мәлімдеді.

— Астанаға қоныс аударғаннан кейін кітап жазуды бастадым. Қазір кішкентай балаларға арналған танымдық әңгімелер жинағын әзірлеп жатырмын. Сондай-ақ алдағы уақытта інім мен сіңілімді тәрбиелеп болған соң, арнайы құсбегілік мектебін ашып, шәкірттер тәрбиелеу жоспарымда бар, — деді ол.

Айшолпанның жолдасы Нұрсұлтан Мұратбек те бұл өнерді келешек ұрпаққа аманаттаудың маңызы зор екенін атап өтті.

— Айшолпанның бұл өнерді дамытуы, әлемге танытуы өте маңызды. Оның халықаралық деңгейдегі қызметіне, жарыстарға қатысуына әрдайым қолдау көрсетуге дайынмын. Бұл жолды болашақта біздің ұрпақтарымыз үйреніп, жалғастырса, мен тек қуанамын, — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, бұған дейін, Шығыс Қазақстанда қыран баптап, жүйрігін жарысқа қосып жүрген 15 жастағы Айзере Марксқызымен сұхбат құрған едік.