БҰҰ басшысы Иран мен АҚШ-ты келіссөзді шұғыл қайта бастауға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Парсы шығанағындағы ахуалдың күрт шиеленіскеніне алаңдаушылық білдіріп, Иран мен АҚШ-ты келіссөздерді дереу қайта бастауға шақырды, деп хабарлайды БҰҰ .

Фото: media.az

Парсы шығанағында Иран мен АҚШ арасындағы өзара соққылардың қайта жандануы қақтығыстың толық ауқымды соғысқа ұласуы мүмкін деген алаңдаушылықты күшейтті. Сонымен қатар Вашингтон Тегеранның жексенбі күні стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазын жапты деген мәлімдемесін жоққа шығарды.

АҚШ тарапының мәліметінше, сенбі күні америкалық күштер халықаралық су жолымен жүзіп бара жатқан кемеге Иран әскері жасаған шабуылға жауап ретінде шамамен 140 нысанға соққы жасаған.

Ақпараттарға сәйкес, жексенбі күні Тегеран Иорданиядағы АҚШ әскери базасына бірнеше рет соққы берген. Ал Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Оман және Кувейт билігі Иран тарапынан зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырағанын хабарлады.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш жағдайдың күрт ушыққанына қатты алаңдайтынын айтып, барлық шабуылды тоқтатуға шақырды.

Жексенбі күні жарияланған мәлімдемеде Гутерриш қақтығысқа қатысушы тараптарды барынша сабыр сақтауға, шиеленісті одан әрі ушықтыратын әрекеттерден бас тартуға және жағдайды дереу тұрақтандыру үшін нақты қадамдар жасауға үндеді.

БҰҰ Бас хатшысы толық ауқымды соғысқа қайта оралу аймақ тұрғындарына ғана емес, бүкіл әлемге және жаһандық экономикаға ауыр зардап әкелетінін тағы да ескертті.

Соғыс қимылдарының күшеюі энергия тасымалдаушылар бағасының өсуіне себеп болды. Сонымен қатар 17 маусымда Тегеран мен Вашингтон қол қойған өзара түсіністік туралы меморандумға қарамастан, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы тағы да тоқтады.

Қазір бұғазда қалып қойған ондаған кемеде шамамен 6 мың теңізші отыр.

Халықаралық теңіз ұйымының (IMO) басшысы Арсенио Домингес осы аптада қауіпсіздікке қажетті жағдай толық қамтамасыз етілгенге дейін аталған теңіз дәлізі арқылы транзиттен толықтай бас тартуға шақырған еді.

Антониу Гутерриш Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының толық еркіндігін қалпына келтіру қажет екенін атап өтті.

– Бас хатшы Иран мен Америка Құрама Штаттарын келіссөздерді дереу қайта бастап, қалған келіспеушіліктерді дипломатиялық жолмен реттеуге шақырады, – деді БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик.

Қазіргі уақытта Тегеран мен Вашингтон Ормуз бұғазындағы жағдайға мүлде қарама-қайшы баға беріп отыр.

Иран бұғаз арқылы өту тек тиісті рұқсат алынған жағдайда ғана мүмкін екенін мәлімдесе, АҚШ халықаралық кеме қатынасы қалыпты режимде жалғасып жатқанын алға тартуда.

Айта кетейікғ мұның алдында БҰҰ тәліптерден әйелдерге қатысты шектеулерді тоқтатуды талап еткен еді.

Ал биыл мамыр айында ұйым Ормуз бұғазының жабылуынан миллиондаған адам аштыққа ұшырауы мүмкін екенін ескерткен.