БҰҰ: Биыл 378 мың сириялық Ливаннан өз отанына оралды

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы Ливаннан 378 мың сириялық босқын өз отанына оралған. Бұл деректі БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы өзінің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Анадолы.

Ерікті қайтару сириялық босқындарды елге қайтару жөніндегі үкіметтік жоспар аясында жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоспар Ливанның Бас қауіпсіздік басқармасымен және БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасымен бірлесіп іске асырылады.

Ливан билігі мәлімдегендей, 12-ші кезең аясында үкіметтік бағдарламаны жүзеге асыру үшін ел астанасы Бейрутте жиналған сириялықтар Эль-Масна өткізу бекеті арқылы шекараны кесіп өтіп, Сирияға жол тартқан.

Ливан үкіметі маусым айында сириялық босқындарды өз отанына қайтару жөніндегі көпкезеңді жоспарды жариялаған. Бағалауларға сәйкес, Сириядағы азаматтық соғыс кезінде шамамен 1,8 миллион сириялық Ливанда баспана тапқан, олардың шамамен 880 мыңы қайтару үшін БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасына жүгінген.

2024 жылы 8 желтоқсанда Башар Асад режимі құлағаннан кейін, соғыс жылдары көрші елдерде тұрған сириялықтардың елге қайтарылу процесі айтарлықтай жеделдеген.

Бұған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сейсенбі күні жараланған сарбаздар алдында сөйлеген сөзінде Дамаск ел астанасынан Хермон тауына іргелес аудандарға дейін демилитаризацияланған аймақ құрған жағдайда Сириямен келісімге қол жеткізу «мүмкін» екенін айтты.