БҰҰ Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізу үшін барлық өткізу бекетін ашуды сұрады

АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ гуманитарлық ұйымының басшысы су тасқынынан зардап шеккен Газа секторына көмек жеткізу үшін барлық өткізу бекетін шұғыл ашуға шақырды, деп хабарлайды Xinhua .

Фото: Анадолы

— Бұдан былай ешқандай кідіріс болмауы керек. Біреуін ғана емес, барлық өткізу бекетін ашыңыздар, — деді БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары, Төтенше көмек көрсету жөніндегі үйлестірушісі Том Флетчер.

Ол үкіметтік емес ұйымдардың маңызды серіктестеріне жұмыс істеуге мүмкіндік беруді, сауда орындарының қалыпты қызметін қалпына келтіруді және Газа халқына қарсы ұжымдық жазалау шараларын тоқтатуды талап етті. Сондай-ақ гуманитарлық көмек жоспарын қаржыландырып, алдын ала болжауға және алдын алуға болатын азапты жағдайларға нүкте қоюға шақырды.

БҰҰ-ның гуманитарлық ұйымдары бірнеше айдан бері Газа секторына қысқы маусымға қажетті заттарды жеткізу мәселесін көтеріп келеді. Алайда Израильдегі сайлауға дейін бұл бағыттағы жұмыстар қиындайтыны бірнеше рет айтылған. Қазір гуманитарлық қызметкерлерге жаңа үкімет жасақталғанша күту қажеттігі ескертілген. Бұл туралы Флетчер мәлімдеді.

— Халықаралық гуманитарлық құқыққа қатысты кімде-кімнің күмәні болса, мұны ақтауға болмайтынын түсінуі керек, — деді ол.

Бірнеше апта бұрын БҰҰ-ның гуманитарлық ұйымдары қажетті заттарды жеткізудің нақты жоспарын ұсынған. Оның ішінде берік баспаналар, жылы киімдер, көрпелер, төсек-орын жабдықтары мен қауіпсіз жылыту жүйелері бар. Бұдан бөлек, генераторлар, жанармай, мотор майы, қосалқы бөлшектер, суды соруға арналған жабдықтар, қоқысты тазарту және жарылғыш заттарды залалсыздандыру құралдарын жеткізу көзделген.

Өткен демалыс күндері нөсер жаңбыр салдарынан Газа секторының бірнеше аумағын су басып, бірнеше адам қаза тапты.

БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының хабарлауынша, гуманитарлық ұйымдар мен БҰҰ-ға мүше мемлекеттер сатып алған 150 мыңнан астам шатыр Газа секторының сыртында жеткізуге дайын тұр.

— Газаға қажетті заттар мен жабдықтарды жеткілікті көлемде тасымалдау үшін гуманитарлық қаржыландыру мен Израильдің рұқсаты шұғыл қажет, — делінген ведомство мәлімдемесінде.

Бұған дейін Газа секторында нөсер жаңбырдан балалар қаза тауып, мыңдаған отбасы баспанасыз қалғаны хабарланды.