Газа секторында нөсер жаңбырдан балалар қаза тауып, мыңдаған отбасы баспанасыз қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Газа секторында нөсер жаңбыр жауып, соның салдарынан кемінде бес адам, оның ішінде төрт бала қаза тапты. Мыңдаған отбасы баспанасы мен дүние-мүлкінен айырылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі БҰҰ жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Газа секторын су басты: нөсер жаңбырдан балалар қаза тауып, мыңдаған отбасы баспанасыз қалды
Фото: БҰҰ жаңалықтар қызметі

БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының мәліметінше, алдыңғы демалыс күндері Газа секторында осы маусымда алғаш рет жауын-шашын мол түсіп, мәжбүрлі қоныс аударған адамдар орналасқан аумақтарды су басты.

Су тасқыны салдарынан бір сәби суға батып кетті. Тағы үш бала мен кемінде бір әйелдің үстіне құм төбесі құлап, қаза тапты. Құм көшкіні олардың шатырларын басып қалған.

Гуманитарлық ұйымдар БҰҰ агенттіктерімен бірлесіп, зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетіп жатыр. Мамандар жиналған суды сорғызып, су ағызу жүйелерін жақсартып, уақытша баспаналарды құм толтырылған қаптармен нығайтып жатыр. Сондай-ақ тұрғындарға ең қажетті заттар жеткізілді. Алайда қолда бар техника мен материалдар халықтың барлық қажетін өтеуге жеткіліксіз.

БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы бейбітшілік үдерісі жөніндегі арнаулы үйлестірушісінің орынбасары Рамиз Алакбаров Газа секторы тұрғындарының басым бөлігі тіпті орташа деңгейдегі дауылға да төтеп бере алмайтын, әбден тозған шатырларда тұруға мәжбүр екенін айтты.

Ол Газаға жылжымалы сорғыларды, ауыр техниканы, шатырларды, брезенттерді, көрпелер мен қысқы киімдерді жеткізуге кедергі келтіріп отырған шектеулер мен кідірістерді реттеуге үндеді. Сонымен қатар гуманитарлық ұйымдарға қажетті материалдарды сатып алу үшін шұғыл қаржы керек екенін айтты.

БҰҰ мәліметінше, Газа секторындағы елді мекендерге әлі де шабуыл жасалып, салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тауып жатыр. Ұйым халықаралық гуманитарлық құқық талаптарына сәйкес азаматтық халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тағы да үндеді.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп телефон арқылы әңгіме барысында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды Газадағы бейбітшілік жоспарын ілгерілетуді сұрағанын жазғанбыз.