Трамп Нетаньяхуды Газадағы бейбітшілік жоспарын бастауға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп телефон арқылы әңгіме барысында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды Газадағы бейбітшілік жоспарын ілгерілетуді сұрады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі NEWSMAX басылымына сілтеме жасап.
Трамп Израильдің келесі үкіметін кім жасақтайтыны белгісіз болып отырғанына қарамастан, жоспарды жүзеге асыруға кірісу қажеттігін айтты.
Жоспарда ХАМАС-ты қарусыздандыру, Газа секторын демилитаризациялау және аумақты басқару жауапкершілігін Палестинаның жаңа технократиялық үкіметіне беру көзделген.
Бастама Израильдегі сайлау науқанына байланысты бірнеше ай бойы тоқтап қалған болатын.
Трамп құрған Бейбітшілік кеңесі Палестина технократиялық билігі мен халықаралық тұрақтандыру күшін қамтитын негіздемелік келісімді әзірлеуге бірнеше ай жұмсады.
Шілде айында Бейбітшілік кеңесі ХАМАС-пен Газадағы қарулы топтарды қарусыздандыру, азаматтық және қауіпсіздік функцияларын Палестина үкіметіне беру туралы 15 тармақтан тұратын ұсыныс бойынша келісімге келді.
Тамыз айында Израильге сапарлаған АҚШ президентінің кеңесшісі Джаред Кушнер Нетаньяхуға ХАМАС алғаш рет қарусыздандыруға келіскенін хабарлады.
ХАМАС Газада өзінің әскери мүмкіндіктерін қалпына келтіріп, қайта қаруланып жатыр деп мәлімдеген Нетаньяху бұған өте күмәнмен қарайды.
Қыркүйек айында Бейбітшілік кеңесі Газаны қалпына келтіруге арналған $2,45 миллиардтың жоспарын ұсынған. Құжатта сектордың инфрақұрылымын, экономикасын және анклавты басқару жүйесін қалпына келтіруге арналған 66 жобаны жүзеге асыру қажеттігі баяндалған.
БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының есептеуінше, Газа секторын қалпына келтіру және қайта құру жұмыстарына 71,5 миллиард доллар қажет.