БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестіруші міндетін уақытша атқарушыны тағайындады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгіннен бастап Стивен О’Малли мырза БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі міндетін уақытша атқарушы қызметіне кірісті.
«Даму және гуманитарлық саладағы қызметте 25 жылдан астам тәжірибесі бар О’Малли мырза бұл рөлге Қазақстандағы тұрақты дамуды ілгерілетуге БҰҰ-ның міндеттемесін күшейте отырып, бай тәжірибемен атсалысады», — жазды БҰҰ Instagram парақшасына.
Еске сала кетейік, бұған дейін БҰҰ мен Қазақстан 2026-2030 жылдарға арналған негіздемелік бағдарламаны талқылағанын жазған болатынбыз.
Қазақстандағы БҰҰ коммуникациялар бойынша кеңесшісі Эльнара Байназарованың айтуынша, Соңғы 30 жылда БҰҰ Қазақстанда теңсіздікті азайту, институттарды жаңғырту, экономиканы әртараптандыру және халықтың ең осал топтары – балалар, әйелдер, қарттар, мигранттар мен босқындарды қолдау сияқты көптеген салаларда ұлттық, аймақтық және жергілікті деңгейде 400-ден астам жобаны жүзеге асырды.