БҰҰ мен Қазақстан 2026-2030 жылдарға арналған негіздемелік бағдарламаны талқылады

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ мен Қазақстан үкіметі стратегиялық басымдықтарды айқындау бойынша семинар өткізді, онда БҰҰ ынтымақтастығының 2026-2030 жылдарға арналған келесі негіздемелік бағдарламасының мақсаттары мен нәтижелері талқыланды.

БҰҰ
Фото: БҰҰ Қазақстандағы өкілдігі

Мұнда БҰҰ-ның Қазақстандағы барлық қызметі үшін орталық жетекші құжат, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге көмектесу үшін ресурстардың қалай бөлінетінін анықтайтын жол картасы маңызды.

БҰҰ
Фото: БҰҰ Қазақстандағы өкілдігі

«Қазақстан Тұрақты даму индексі бойынша 166 елдің ішінде 66-шы орында. Үдемелі даму бар, бірақ әлі де атқаратын жұмыс көп. Ал бүгінгі талқылау БҰҰ-ның келесі мерзім үшін елге қолдауын қалыптастыруға көмектеседі. Бұл бастамаларымыз біз қызмет ететін адамдардың ұмтылыстарына лайық болуы үшін стратегиямызды ұлттық басымдықтармен сәйкестендірудің бірегей мүмкіндігі», - деді БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі міндетін атқарушы Катаржина Вавьерниа.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Көпжақты ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Әнуар Сармантай 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарына небәрі 6 жыл қалғанын, тұрақтылық мақсаттарының тек 17%-ы ғана орындалғанын атап өтті.

БҰҰ
Фото: БҰҰ Қазақстандағы өкілдігі

«Тұрақты және гүлденген әлемнің негізі – тұрақты даму мақсаттарына айтарлықтай белсенді әрекеттерсіз қол жеткізу мүмкін емес. Covid-19 пандемиясының салдары, қақтығыстардың күшеюі, геосаяси шиеленістер және артып келе жатқан климаттық проблемалар прогреске айтарлықтай кедергі келтірді. Тұрақтылық мақсаттарының тек 17%-ы ғана орындалды, олардың жартысына жуығы минималды немесе орташа прогресті көрсетеді, ал үштен бірінен астамы тоқтап қалды немесе баяулады. Демек, қол жеткізілгенін мақсаттарға қарамастан, әлі де көп нәрсе істеу керек», - деді Ә. Сармантай.

Қазақстандағы БҰҰ коммуникациялар бойынша кеңесшісі Эльнара Байназарованың айтуынша, Соңғы 30 жылда БҰҰ Қазақстанда теңсіздікті азайту, институттарды жаңғырту, экономиканы әртараптандыру және халықтың ең осал топтары – балалар, әйелдер, қарттар, мигранттар мен босқындарды қолдау сияқты көптеген салаларда ұлттық, аймақтық және жергілікті деңгейде 400-ден астам жобаны жүзеге асырды.

БҰҰ
Фото: БҰҰ Қазақстандағы өкілдігі

«Соңғы 2023 жылы Қазақстандағы БҰҰ бағдарламалары 30 млн доллардан астам қаражатқа жобаларды жүзеге асырды. Мұнда БҰҰ-мен бірге Қазақстан Үкіметі және халықаралық донорлар қолдау көрсетті. Қазір БҰҰ Қазақстан Республикасына гуманитарлық емес, консультациялық саяси қолдау, консалтинг түрінде көмек көрсетеді. Яғни БҰҰ жобаларды жүзеге асыратын эксперттік тарап ретінде саналады», - деді Э. Байназарова.

Семинарға мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, академиялық және сараптамалық орталықтар, жеке сектордың өкілдерін қоса алғанда, түрлі салалардан 70-тен астам өкіл қатысты.

Талқылаулар қазіргі мүмкіндіктер мен кедергілер, талап етілетін іс-әрекеттер мен тұрақты дамуға қол жеткізудегі олқылықтарды қоса алғанда, негізгі басым бағыттарды анықтауға арналды. Тұрақты дамуға қол жеткізудегі ілгерілеуді жеделдетуге және Қазақстанның ұлттық мақсаттарына қол жеткізуде БҰҰ барынша қолдау көрсете алатын салаларды анықтауға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті қаржылық және қаржылық емес міндеттемелер талқыланды.

Соңғы жаңалықтар