ІІМ орынбасарының айтуынша, былтыр елімізде анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтың 2 млн. 187 мыңына айыппұл салынып, оның мөлшері 17 млрд. теңгеден асты. Мұның шамамен 10 млрд. теңгесі немесе 59 пайызы бюджетке өндіріп алынған.
«Жалпы, анықталатын әкімшілік құқық бұзушылықтардың 84 пайызы ішкі істер органдарына тиесілі», - дейді Ерлан Тұрғымбаев.
Бұдан бөлек, министрдің орынбасары жалпы алғанда әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттерді қылмыстық санатқа алмастыру жалпы қылмысқа қатысты профилактикаға теріс әсер ететінін атап өтті. Ерлан Тұрғымбаевтың сөзіне қарағанда, бұл түрмедегілердің санының артуына ықпал етпек.
«Әкімшілік қылмыстық әрекеттердің кейбірін қылмыстық әрекеттерге ауыстыру түрме халқын автоматты түрде 2 есеге арттырады. Сондықтан біз әкімшілік кодекстің жобасына әкімшілік қамауға алуды әкімшілік жазалау шарасы ретінде қарастыруды, сонымен бірге бірқатар қылмыстық әрекеттерді әкімшілік құқық бұзушылыққа жатқызу туралы мәселені қайта қарауды ұсынамыз», - дейді Ерлан Тұрғымбаев.