Бюджеттен балаларды оқытуға бөлінетін қаражатты қамтитын білім беру шоты енгізіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бюджеттен балаларды оқытуға бөлінетін қаражатты қамтитын білім беру шоты енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы «Қолайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру туралы тапсырма берді. Ұлттық жобаның аясында 800 мыңнан астам оқушы орны салынып, үш ауысымды мектептер мен апатты жағдайдағы мектептердің проблемасы толығымен шешеді. «Қолайлы мектеп» жобасы аясында бірыңғай құрылыс және жабдықтау стандарты енгізіледі. Жоба аясында ашылатын мектептер заманауи пәндік кабинеттермен толық қамтамасыз етіліп, оқу алаңдары ұлғайтылады. Бастауыш сыныптарға, жоғары сынып оқушылырына да жеке блоктар қарастырылады. Сәйкесінше олар бөлек спортзалдармен, бөлек асханаларымен қамтамасыз етіледі», - деді ол.

Министрдің айтуынша, келесі жылы бұрын болмаған көлемде мектептерді салу басталады. Мысалы тек ғана елордада осы жобаның ауқымында әрқайсысы 2 мың орынға арналған 20 жаңа мектептің құрылысын бастау қала әкімдігімен бірге жоспарланып отыр.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыда тұратын балалар мектеп формасымен тегін қамтылатын болады. Бюджеттен балаларды оқытуға бөлінетін қаражатты қамтитын білім беру шоты енгізіледі», - деді Асхат Аймағамбетов.