Біз қайда барсақ та қазы-қарта, құрт-майымызды ала барамыз – Мырзағали Айтжанов
АСТАНА. KAZINFORM — Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов шетелге жарыстарға шыққанда өздерімен бірге қазақтың қандай ұлттық тағамдарын ала баратынын айтып берді.
Естеріңізде болса, Мырзағали Айтжанов осыған дейін Парижге аман-есен жеткенін, бүгін Олимпиада қалашығындағы алғашқы жаттығуларын бастайтынын айтып берген еді.
«Парижден алғашқы ас-суымызды іштік. Тағамдары ұнады. Өз басым осымен Олимпиада ойындарына бесінші рет спортшыларымызды бастап келіп отырымын. Олимпиададан тыс өзге де, қаншама жарыстарға шығып жатырмыз. Барлығында өзімізбен бірге қазақи қазы-қарта, құрт-майымызды ала барамыз. Біз қайда жүрсек те, бір күн ет жемей қалсақ, қарынымыз ашады. Себебі – қазақпыз ғой. Ет жемеген қазақ – қазақ емес», - деді бас бапкер.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасына бокстан ерлер құрамасы толық құрамда, яғни 7 салмақта, ал әйелдер құрамасы 3 салмақта сынға түседі.
Ерлерден Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Асланбек Шымбергенов, егіз боксшылар — Нұрбек Оралбай мен Айбек Оралбай және Қамшыбек Қоңқабаев ел намысын қорғаса, әйелдерден Назым Қызайбай, Карина Ибрагимова және Валентина Хальзова шаршы алаңға шығады.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда төртжылдық додаға жолдама жеңіп алған қазақстандық спортшыларымыздың алғашқы легі Париждегі олимпиадалық қалашыққа барып үлгерді.
Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына спорттың 25 түрінен 92 жолдама жеңіп алды.
Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.