«Біздің жан жарамызды ешқандай жаза өлшей алмайды»: қаза тапқан кеншілердің туыстарының пікірі

Фото: Видеодан алынған кадр

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – 2023 жылғы қазанда Костенко атындағы шахтада болған апаттан 46 кенші қаза тапқан қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды. Дегенмен марқұмдардың туыстары тағайындалған жаза мерзімдерін әділ деп санамайды.

— 46 адамның өмірі қиылғанда, оны бас бостандығынан айыру жазасымен өлшеу мүмкін емес. Бұл — жай ғана сандар емес, бұл — адам тағдыры, — дейді күйеуінен айырылған әйелдердің бірі. — Біз жұмысқа дені сау, еңселі ер-азаматтарды аттандырдық. Ал бізге оралғаны — бір пакетке салынған жейде мен шалбары ғана. 

Қаза болған кеншілердің туыстарының айтуынша, кейбір айыпталушыларға берілген сегіз жылдық жаза да — «тым аз». Апелляцияға жүгіну мәселесін отбасылар бірігіп шешпек.

— Мен соттың әрбір отырысына қатыстым, — дейді қаза тапқан кеншінің қызы Виолетта Иванчина. — Біз үшін ең бастысы — кінәлілердің лайықты жаза алуына көз жеткізу болды. Осы мақсатта арнайы топ құрып, сот залында болған жайды күн сайын туыстарға жеткізіп отырдық. Өйткені сотқа қатысу бәріміз үшін де өте ауыр болды. 

Жақындары «ешқандай мерзім қаза тапқандарды қайтара алмайды» дейді. 

Бірақ тек жеңіл жаза ғана емес, соттағы айыпталушылардың қылығы да олардың ашу-ызасын тудырған.

— Біз ең болмағанда аздап болса да жанашырлық танытатын адамдарды көреміз деп ойладық. Бірақ олар өздерін тым сенімді ұстап, тіпті өркөкіректік танытты. Кейбірі сот кезінде күліп отырды. Ешқайсысы бізге келіп, кешірім сұраған жоқ. Керісінше, өздерін кінәсіз деп санап, тергеушілер мен куәгерлер қателеседі деді, — дейді марқұм кеншінің қызы.

Оның айтуынша, сот барысында қаза болғандардың абыройын таптайтын сөздер де айтылған.

— «Кеншілердің біліктілігі жеткіліксіз болды» дегенді естідік. Ал шын мәнінде олардың көбі 30 жылдан астам тәжірибесі бар, өз ісінің хас шебері еді. Мұндай сөзді куәгерлерден есту өте ауыр болды, — дейді ол.

Қаза болған тағы бір кеншінің жесірі бұл қасірет ондаған отбасының тағдырын ойрандатып кеткенін айтады:

— Ақша бізге күйеулеріміздің, әкелеріміздің, ұлдарымыздың орнын толтыра алмайды. Күйеуімнің аман оралғанын көру үшін барымды берер едім. Бірақ ол жоқ. Ал кінәлілер бір күні бостандыққа шығып, өмірін жалғастырады. Сол себепті біз үшін әділ жаза — ең қатаңы еді.

Еске салсақ, Еске салсақ, Костенко атындағы шахтадағы жарылыс 2023 жылғы 28 қазанда таңертең болды. Ресми мәлімет бойынша, метан газының детонациясы көмір шаңының жарылыс тізбегін шақырған, оның концентрациясы рұқсат етілген нормадан едәуір жоғары болды. 

Апат кезінде жер астыда 252 адам болған. 205 шахтер жер бетіне шығарылды. Жеті адам денесі бірден табылды, бірақ бір сағат ішінде құрбан саны онға жетті. 31 қазанда 46-шы шахтердің денесі табылды. 

Осы жылдың 5-ші наурызында Қарағандыда Костенко шахтасындағы жарылысқа қатысты сот басталды. Қос тараптың пікірталасы барысында прокурорлар айыпталушыларға ең қатаң жаза сұрады. 

Бүгін Костенко атындағы шахтадағы жарылысқа қатысты сот процесі аяқталды. 10 айыпталушы 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.