БЖЗҚ-ның 1,5 трлн теңгесін «Самұрық-Қазына» жобаларына беруді ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық экономика министрлігі Инвестициялық саясат департаментінің директоры Әлия Есдәулетова Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 1,5 трлн теңгесін энергетикалық жобаларға жұмсау мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
Оның сөзінше, Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша квазимемлекеттік компаниялардың жобаларын қаржыландыруға БЖЗҚ есебінен 1,5 трлн салу ұсынысы қолдау тапқан.
- Сонымен қатар бүгінде «Самұрық-Қазынаның» электр энергиясын өндіру және газ өңдеу саласындағы жобаларына жалпы сомасы 1,5 трлн теңге инвестициялау мәселесі пысықталып жатыр, - деді Әлия Есдәулетова.
Сондай-ақ, ол БЖЗҚ қаражаты «Бәйтеректің» облигацияларына салынғанын еске салды.
- Бүгінгі таңда «Бәйтерек» облигациялары Қазақстан қор биржасының алаңына шығарылған. Өнеркәсіпті дамыту қорының көлік инфрақұрылымы саласындағы жобаларын қаржыландыруға 173 млрд теңге бағытталған. Агроөнеркәсіп кешені жобаларын қаржыландыруға 213 млрд теңге бағытталды, - деді ҰЭМ өкілі.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақшасы қандай жобаларға инвестицияланатынын айтқан еді.