Аталмыш зерттеу ЕО-ның «Ready4Trade Орталық Азия» жобасы аясында жасалып, CBAM талаптарының Қазақстанның алюминий, темір және болат экспортына әсерін талдауға арналған. Құжат тек қазіргі өзгерістерді ғана емес, сонымен қатар Еуропа нарығына шығу шарттарының кең ауқымды өзгерісін де қарастырады, мұнда экологиялық талаптар сауда саясатының бір бөлігіне айналып отыр.
CBAM неге ЕО сауда жүйесінде маңызды құралға айналды
CBAM Еуропалық одақтың «Еуропалық жасыл даму курсының» бір бөлігі саналады және көміртекті көп шығаратын өнімдердің импортына көміртек төлемдерін енгізуді көздейді. Өтпелі кезеңнен кейін бұл механизм 2026 жылдың қаңтарынан бастап толық күшіне енді.
Бұл жүйе ЕО-ның бір ережені барлық өнімге қолданатынын білдіреді, яғни ішкі өндіріс те, сырттан әкелінетін тауар да бірдей көміртек талаптарымен бағаланады. Осылайша, нарыққа кіретін өнімнің «экологиялық ізі» тең дәрежеде есепке алынбақ.
Сол себепті экспорттаушылар енді тек өнімнің бағасы мен сапасын емес, оны өндіруге кеткен көміртек көлемін де нақты көрсетуі тиіс. Бұл деректер жоғары болған сайын, өнімге түсетін қосымша төлем де артатын болады.
Сөйтіп, CBAM ЕО нарығына шығатын өнім үшін оның қанша көміртек шығарғанына қарай қосымша төлем қосатын жаңа жүйеге айналып отыр.
Жаңа талаптар экспорт шығындарын қаншалықты арттыруы мүмкін
Зертету авторларының бағалауынша, көміртек шығарындыларының стандартты көрсеткіштері қолданылған жағдайда Қазақстан экспорттаушыларының жыл сайынғы міндеттемелері 114 млн еуродан асып кетуі мүмкін, ал жүктеменің 90%-ы металлургия секторына тиесілі екен.
Сарапшылар CBAM механизмі күшейген сайын Қазақстанның алюминий, темір және болат экспорттаушыларына есеп беру мен талаптарды орындау қиындай түсуі мүмкін екенін айтады. Сондықтан компаниялар алдын ала дайындалып, шығарындыларды есептеу мен тексерудің халықаралық тәсілдерін біртіндеп енгізуі тиіс.
— Жалпы алғанда, Қазақстанның алюминий экспортының 55%-ы Еуропалық одаққа жіберіледі. Зерттеуге сәйкес, CBAM бойынша 2025 жылғы жеткізілім көлемінде өңделмеген алюминий, темір және болат секілді негізгі өнімдер үшін жыл сайынғы қосымша міндеттемелер шамамен 114 млн еуроны құрауы мүмкін. Қазір біз Еуропалық одақтың жаңа талаптарына бейімделу үшін өнеркәсіптік экспорттаушылармен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жұмыс компаниялардың шығынын азайтып, Қазақстан өнімінің ЕО нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін сақтауға бағытталған, — деді QazTrade бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров.
Бұдан біз Қазақстанның металлургия саласындағы экспорттық кірістерінің елеулі бөлігі ЕО нарығына тікелей тәуелді екенін көреміз.
CBAM: экспорт шығындары неге тәуелді
Сонымен қатар зерттеуде компаниялардың төлейтін шығыны тек нақты көміртек шығарындыларына емес, оларды қалай есептейтініне де байланысты екені ерекше атап өтіледі. Егер кәсіпорындар өздерінің шығарындыларын нақты өлшеп, оны дәлелдейтін жүйелерді енгізсе, онда олардың шығындары айтарлықтай азаюы мүмкін.
Халықаралық сауда орталығы сарапшыларының айтуынша, стандартты есептік коэффициенттердің қолданылуы кей жағдайларда шығынды негізсіз көбейтіп жіберуі мүмкін. Сондықтан зерттеу авторларының айтуынша, ЕО нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін компаниялар ең алдымен өз шығарындыларын нақты есептеп, оларды тұрақты түрде бақылауы керек. Сонымен қатар экологиялық есепті дұрыс әрі ашық жүргізу маңызды, өйткені дәл осы деректер шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
— Қазіргі уақытта Қазақстан ЕО-ға құны 600 млн еуродан асатын болат пен алюминий экспорттайды. Бағалау бойынша, CBAM шеңберінде стандартты шығарындылар көрсеткіштерін қолдану жыл сайын 100 млн еуродан асатын қосымша шығындарға әкелуі мүмкін. Бұл шығынның 90%-ы болаттан жасалған өнімдергет тиесілі. Кейбір есептеулерде бұл өнімдерге түсетін қосымша шығын олардың өз бағасынан да асып кетуі мүмкін.Дегенмен, бұл шығындарды азайтуға болатынын баса айтқым келеді. Ол үшін кәсіпорындар өздерінің шығарындыларын өлшеп, нақты есептеп, өндірістегі шығарындыларды азайтуға жұмыс істеуі керек және көміртек құнын ішкі есепте дұрыс енгізуі қажет, — Халықаралық сауда сарапшысы әрі зерттеудің жетекші авторы Йост Паувелин.
Нәтижесінде осы шаралар арқылы компаниялар CBAM-ға байланысты шығындарын едәуір төмендете алады.
Ал өз кезегінде Еуропалық одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Баур бұл жүйенің дұрыс жұмыс істеуі үшін мемлекеттер мен халықаралық серістестер бір-бірімен тығыз жұмыс істеуі керек екенін атап өтті.
— CBAM механизмі ЕО-ның климаттық және сауда саясатының маңызды бөлігі саналады. Компаниялар экологиялық есептілікті ашық жүргізіп, тұрақты даму бойынша деректерді дұрыс көрсетсе, олар халықаралық нарықтағы өзгеріп жатқан талаптарға жақсырақ бейімделіп, бәсекеге қабілеттілігін сақтай алады. Сондай-ақ мемлекеттік органдар, бизнес және ХСО сияқты халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты жалғастыру бұл процесті барынша жеңілдетуге мүмкіндік береді, — деді ол.
Сарапшылардың сөзінше, CBAM біртіндеп тек экологиялық құрал ғана емес, сонымен қатар сауда саясатының маңызды элементіне айналып, жеткізу тізбектеріне, өзіндік құнға және ЕО нарығына шығу стратегиясына әсер етіп жатыр.
Осылайша, CBAM Қазақстан экспортының Еуропалық одақ нарығындағы бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін негізгі факторлардың біріне айналып келеді. Бұл жерде басты мәселе тек өндіріс көлемі емес. Бұдан былай компаниялар өз шығарындыларын дұрыс есептеп, ашық көрсетіп, оларды азайтуға дайын болуы тиіс.
Бұған дейін ЕО алғаш рет импортқа салынатын көміртек бажының мөлшерін белгілегені жайлы жаздық.