Cенсация және фавориттер: Қазақстан чемпионатының үшінші күні қалай өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Тараз қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының үшінші жарыс күні аяқталды.

Фото: ҚБФ

Басты сенсация

Жастар арасында әлем чемпионы, шілде айында ғана U23 санатында Азия чемпионатының финалисі, 55 келідегі Бексұлтан Боранбек (Жамбыл обл) үш раунд бойы Бексұлтан Хужанжардың (Шымкент қ) кілтін таба алмады. Есеп: 0:5.

60 келіде «Хижняк» лақап атымен белгілі Асылжан Серікбай да (Шымкент қ) Жетісу облысының жас боксшысы, шілде айында U19 санатында Азия чемпионатына қатысқан Әділбек Қожаханға есе жіберді. Есеп: 0:5

Жеңісті жұлып алған спортшылар

55 келіге төмендеген Нұрсұлтан Алтынбек (Қызылорда обл) жарыс қожайыны Досымжан Таңатардан жеңісті жұлып алып, сенсация тіркеуге мүмкіндік бермеді.

Жастар арасында әлем чемпионатының финалисі, 60 келідегі Жансері Көшербаев (Ақтөбе обл) 2 раунд бойы төреші қағазында артта қалғанымен, шешуші раундта камбэк жасап кетті. Есеп: 3:2.

60 келіге төмендеген Жандос Қыдыралиев те осы салмақта жүлдеге үміткер саналған Руслан Күзеубаевтан (Абай обл) айласын асырып кетті.

Фавориттер

Әлем чемпионатының финалисі, 75 келідегі Әбілхан Аманқұл бірінші жекпе-жегінде Нұртілеу Алиакбаровты (Алматы қ) жеңгенімен, қарсылас лайықты деңгейде жұдырықтаса білді.

85 келіде Темірлан Мұқатаев (Астана қ) айқын басымдықпен жеңіске жетсе, осы салмақтағы Сұлтан Айбарұлы (Алматы обл) шешуші раундта Еркебұлан Әкімбайдан (Алматы обл) жеңісті жұлып алды.

Әлем чемпионы, 60 келідегі Оразбек Асылқұлов (Ақмола обл) пен Талғат Сырымбетов (Қарағанды обл) әзірше қарсыластарынан бір бас жоғары жұдырықтасып келеді.

Жарақат

Аса ауыр салмақта Қарағанды облысының өкілі Расул Асанханов 2 раунд бойы бес төрешінің қағазында да алда келе жатқанымен, қолынан алған жарақатына байланысты жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды.

Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты 6 қарашаға дейін жалғасады.

Бокстан Қазақстан чемпионатының алғашқы күні қалай өткенін жазған болатынбыз.