Чехияда 1989 жылдан бергі ең ірі наразылық акциясы өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Чехия астанасы Прагада премьер-министр Андрей Бабиш бастаған үкіметтің қоғамдық телеарна мен радионы қаржыландыру жүйесін өзгерту жоспарына қарсы жаппай наразылық акциясы өтті. Бұл — 1989 жылдан бергі елдегі ең ірі наразылық шеруі, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап.

Euronews видеосынан алынған кадр

Акцияны «Демократия үшін миллион сәт» үкіметтік емес ұйымы «Енді ешқашан 4:36» ұранымен ұйымдастырды. Бұл ұран қазан айының ортасында болған оқиғаға байланысты шыққан. Сол кезде парламенттегі билеуші көпшілік даулы заң жобасына енгізілетін түзетуді бірінші оқылымда-ақ қабылдатқан. Дауыс беру сенбі күні таңертең, таңсәріде өткен. Ал үкімет өкілдері пленарлық отырыстағы пікірталасты тоқтатып, оппозицияның 60 депутатына сөз бермеген.

БАҚ мәліметінше, наразылыққа 350-400 мың адам қатысқан. Елдің түкпір-түкпірінен астанаға жиналған жұрт үкімет саясатын сынға алып, парламенттің төменгі палатасының спикері Томио Окамура басқаратын «Бостандық және тікелей демократия» (SPD) партиясының билеуші коалициядан шығуын талап етті.

Қазір қоғамдық телерадио компаниялары азаматтар төлейтін міндетті ай сайынғы жарналар есебінен қаржыландырылады. Ал үкімет оларды болашақта мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыруды ұсынып отыр. Бұл бастама қоғамның наразылығын туғызды. Көпшілік мұндай өзгеріс үкіметке БАҚ-тың редакциялық саясатына ықпал етуге мүмкіндік беріп, олардың тәуелсіз әрі бейтарап жұмыс істеуіне кедергі келтіруі мүмкін деп қауіптенеді.

Ашық деректерге сәйкес, мемлекеттік бюджеттен бөлінетін субсидия көлемі қоғамдық телеарна мен радионың қазір үй шаруашылықтары мен кәсіпорындардан тұрақты түрде алатын жарналарынан әлдеқайда аз болады.

Чехия оппозициясы, баспасөз өкілдері мен қоғамның едәуір бөлігі де бұл өзгерістерге қарсы. Олар қоғамдық БАҚ-тың еркіндігіне қауіп төнеді деп санайды. Кейбір оппозициялық партиялар ұсынылып отырған мемлекеттік қаржыландыру жүйесін Виктор Орбан үкіметі Венгрияда енгізген тәртіппен салыстырды.

Наразылық кезінде Чехияның жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттік ұйымдары, ондаған театр, белгілі жазушылар, спортшылар, дін қызметкерлері, медицина мамандары және халықаралық журналистік ұйымдардың өкілдері қоғамдық телеарна мен радионы қолдады.

Митингте сөз сөйлегендер қоғамдық БАҚ саясаткерлердің, үкіметтің немесе мемлекеттің меншігі болмауы керек екенін бірнеше рет атап өтті. Олардың пікірінше, бұқаралық ақпарат құралдары баршаға тиесілі және қоғамның барлық маңызды топтарының көзқарасын көрсетуі тиіс.

Чехияда теледидары немесе радиоқабылдағышы бар әр үй ай сайын теледидар үшін 150 крон (шамамен 3 мың теңге), радио үшін 55 крон (шамамен 1,1 мың теңге) жарна төлеуге міндетті. Биыл осы төлемдерден Чехия теледидары 6,73 млрд крон (шамамен 135,5 млрд теңге), ал Чехия радиосы 2,47 млрд крон (шамамен 49,7 млрд теңге) табыс тапқан.

Андрей Бабиш үкіметі үй шаруашылықтары үшін міндетті төлемдерді алып тастап, екі қоғамдық хабар тарату компаниясын мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыруды жоспарлап отыр.

Прагадағы наразылық акциясы қоғамдық жаңалықтар телеарнасы, ČTK ақпарат агенттігі және бірқатар тәуелсіз БАҚ арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Биліктегі «Наразылар азаматтарының акциясы» (ANO) партиясының өкілі Радек Вондрачек теледебат кезінде акция ұйымдастырушылары мен «Демократия үшін миллион сәт» қозғалысын сынап, оларды «кәсіби арандатушылар» деп атады.

Полиция мәліметінше, наразылық акциясы тыныш өтіп, ешқандай оқиға немесе қоғамдық тәртіп бұзу дерегі тіркелмеген.

Еске салайық, бұған дейін Португалияның 30-дан астам қаласында жылжымайтын мүлік пен жалдау ақысының қымбаттауына қарсы жаппай наразылық акциялары өткенін жазған едік.