Чемпиондар лигасы: «Спортинг» - «Қайрат» кездесуінде кім төрешілік қызмет атқарады

Фото: «Қайрат» футбол клубы

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіндегі «Спортинг» (Португалия) пен «Қайрат» кездесуінде қай елдің төрешілер қызметі атқаратыны белгілі болды.

Бас төреші міндеті польшалық Дамиан Сильвестжакқа жүктелген. Оған отандастары Павел Сокольницки мен Адам Карасевич көмекшілік жасайды. Төртінші төреші де сол елдің өкілі Марцин Коханек.

Айьа кетсек, кездесу 18 қыркүйектен 19-на қараған түні Қазақстан уақытымен сағат 00:00-де Португалия астанасы Лиссабон қаласындағы «Жозе Алваладе» стадионында өткізіледі.

Алматылық клуб беделді турнирде «Реал Мадрид» (Испания), «Интер» (Италия), «Арсенал» (Англия), «Брюгге» (Бельгия), «Спортинг» (Португалия), «Олимпиакос» (Грекия), «Пафос» (Кипр), «Копенгаген» (Дания) клубтарымен ойнайды.

Еліміздің атынан аталған турнирде алматылық «Қайрат» сынға түсіп жатыр. Қазақстандық команда доп додасында барлығы 8 ойын өткізеді. Оның 4-еуі өз алаңында болса, 4-еуі сырт алаңға жоспарланған.

Негізгі кезеңде барлығы 36 команда сынға түседі. Бірінші тур биыл 16 қыркүйекте басталса, сегізінші тур 2026 жылдың 28 қаңтарында болады. Ал плей-офф 16-18 ақпан, 1/8 финал 10-11 наурыз, ¼ финал 7-8 сәуір, ½ финал 28-29 сәуір, финал 30 мамырға белгіленген.