Чемпиондар лигасы: «Ливерпуль» өз алаңында «Реал Мадридтен» ойсырай жеңілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалында 21 ақпаннан 22-не қараған түні тағы екі ойын өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл күнгі негізгі ойынның бірі Англияның «Ливерпуль» және Испанияның «Реал Мадрид» клубтары арасында өтті.

Кездесу барысында командалар алғашқы минуттан шабуылға көңіл бөлді. Алдымен ағылшындық клуб қатарынан екі гол соғып кетті. Ойынның 4-минутында «Ливерпуль» сапынан Дарвин Нуньес есеп ашса, 14-минутта Мохамед Салах есепті үстемелей түсті.

Ал «Реал Мадрид» қатарынан Винисиус Жуниор 21, 36-минуттарда мергендік танытып, таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңде испаниялық клуб сапынан Эдер Милитао 47, Карим Бензема 55, 67-минутта гол соқты.

Осылайша «Ливерпуль» қарсыласына 2:5 есебімен жеңіліп қалды.

Тағы бір кездесуде Германияның «Айнтрахт» және Италияның «Наполи» командалары шеберлік байқасты.

Бұл кездесуде италиялық клубтан Виктор Осимхен 40, Джованни Ди Лоренцо 65-минутта сергендік танытты. Нәтижесінде сырт алаңда «Наполи» 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Қарымта ойын 15 наурызға белгіленген.

Енді 22 ақпаннан 23-не қараған түні «Лейпциг» (Германия) және «Манчестер Сити» (Англия), «Интер» (Италия) және «Порту» (Португалия) командалары жасыл алаңға шығады.

Айта кетсек, 14 ақпанда өз алаңында «Пари Сен-Жермен» (Франция) «Бавария» (Германия) клубына есе жіберсе,«Милан» (Италия) «Тоттенхэм Хотспурс» (Англия) командасын 1:0 есебімен тізе бүктірді.

Ал 15 ақпанда «Боруссия Дортмунд» (Германия) өз алаңында «Челси» (Англия) клубын 1:0 есебімен жеңсе, «Брюгге» (Бельгия) «Бенфика» (Португалия) клубына 0:2 есебімен жол берді.

Фото: Getty Images