«Жоғары білімді цифрландыру бағытында ауқымды жұмысты атқарып жатырмыз. Оқытудың жаңа формасы – онлайн оқыту енгізілді. Бұл студенттің цифрлық бейінін қалыптастыруды, яғни student life track, EdTech цифрлық сервистерін дамытуды, цифрландырудың озық трендтеріне сәйкес процестерді оңтайландыру мен цифрлық экожүйені қалыптастыруды көздейді. Қазіргі таңда Coursera, EdX тағы да басқа онлайн курстарының ауқымы кеңейтілді», - деді С. Нұрбек.
Оның айтуынша, басқарудың және білім беру қызметінің сапасын арттыру мақсатында «Цифрлық университеттің эталондық стандарты» әзірленетін болады.
«Сонымен қатар, жоғары білімді цифрлық тұрғыдан трансформациялау мақсатында әр ЖОО-да «цифрлық офицер» (CDО) лауазымын енгізу тетіктерін жалғастырамыз», - деді министр.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы бекітілді.