Үкімет білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздегі білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқылау кезінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2025 жылға қарай жаңа құрылыс стандарттары бойынша жалпы саны 840 мың орынға арналған мектеп салу жоспарланған. Тұжырымдаманың барлық жоспарлары балалардың сапалы және жан-жақты дамуын қамтамасыз етуі керек. Сондықтан балалардың бойындағы білім нәтижесін бағалаудың барлық деңгейде мойындалған әдістемелерін енгізуге ерекше назар аудару керек. Жастарды кәсіпкерлік дағдыларына оқыту үшін колледждер, оның ішінде ауылдық колледждер жанынан шағын инновациялық кәсіпорындар құрылатын болады. Бұл өз кезегінде колледж түлектерінің 75 пйаызын оқу бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді», - деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр жетекші жоғары оқу орындарын зерттеу университеттеріне трансформациялау жүріп жатқанын, сондай-ақ танымал шетел университеттері филиалдарының саны артатынын еске салды.

«2026 жылға қарай бакалаврлар стипендиясының мөлшері 2 есе, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есе артады. Тұжырымдаманы іске асыру білім беру сапасын жақсартуға және Қазақстанның халықаралық білім беру рейтингілеріндегі көрсеткіштерін арттыруға бағытталған», - деді Әлихан Смайылов.

Осы орайда Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, Білім беруді дамыту тұжырымдамасының іс-шараларын уақтылы орындауды қамтамасыз етеді.

«Сонымен қатар, Тұжырымдаманы «Білімді ұлт» ұлттық жобасымен, «Жайлы мектеп» жобасымен үйлестіру жөнінде шаралар қабылдау керек», - деді Үкімет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ата-аналар білім беру жүйесіндегі «жан басына қаржыландыру» қағидаты бойынша кез келген балабақшадан орын таңдай алады.

Бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын таныстырды.

Балабақшаларда балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізіліп жатыр. Осы орайда ондағы бағдарлама да, оқыту әдістері де түбегейлі өзгереді.

Сонымен қатар, мектептерге арналған жаңа мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламалары әзірленіп жатыр.


Фото: primeminister.kz




Соңғы жаңалықтар