Comic Con Astana 2026: Фестивальге алғашқы күні 16 мың адам қатысты

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Comic Con Astana алғашқы күннен-ақ адам көп жиналуымен ерекшеленді. Бұл туралы фестивальдің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

– Бірінші күннің өзінде фестивальге шамамен 16 мың адам қатысты. Фестиваль тарихында алғашқы күні осынша адам алғаш рет жиналып отыр, – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Фестиваль таңертеңнен қыза түсті. Келушілер негізгі сахнадағы бағдарламаларды тамашалап, ойын алаңдарын аралады. Түрлі байқауларға қатысып, жаңа жобалармен танысты. Ал жанкүйерлер көптен күткен актерлері мен косплей шеберлерін көруге мүмкіндік алды.

Биыл елордада өтіп жатқан фестивальге Николай Костер-Вальдау, Пол Андерсон, Иньяки Годой және Таз Скайлар келді. Фестивальдің бірінші күнінде «Тақтар ойынындағы» Джейме Ланнистер рөлімен танылған Николай Костер-Вальдау көрермендермен жүздесіп, жанкүйерлеріне қолтаңба берді.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Баспасөз мәслихатында актер Қазақстанға бірінші рет келгенін айтып, сапардан алған әсерімен де бөлісті.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

- Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Мұндағының бәрі қатты ұнады. Елдеріңіз кең-байтақ екен. Әсіресе ұлттық тағамдарыңыз ұнады. Соның ішінде еттің дәмі ерекше екен. Тіпті осы бір күннің өзінде соңғы үш жылда жегенімнен де көп ет жеп қойған шығармын, — деп күлді актер.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Ол қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, моншаға барғанын айтты. Бәйтерекке көтеріліп, дәстүр бойынша алақанын қойып, тілек те тілеген.

Сонымен қоса Comic Con-ға косплей әлемінде танылған Kamui Cosplay, Leon Chiro және Elizabeth Rage де қатысып жатыр. Фестиваль барысында көрермендер блогерлер мен контент авторларының кездесулеріне де қатысуға мүмкіндіктері бар.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Ойын алаңдары да күні бойы көрерменге толы болды. Мұнда жаңа ойындарды байқап көруге, түрлі технологиялармен танысуға және шеберлік сабақтарына қатысуға мүмкіндік жасалған. Жәрмеңкеде комикс, аниме, фильмдер мен бейнеойындарға арналған түрлі заттар сатылып жатыр.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Косплей байқауы да алғашқы күннің көпшілік күткен бағдарламаларының бірі болды. Қатысушылар фильм, сериал, аниме, комикс пен бейнеойындағы кейіпкерлердің бейнесін сахнаға алып шықты. Олардың көбі костюмін өзі тігіп, ұсақ бөлшектеріне дейін қолмен жасаған.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Биыл фестивальге әлемнің 20-дан астам елінен қонақтар мен қатысушылар келген.

Еске сала кетейік, Comic Con Astana 2026 фестивалі 6-9 тамыз аралығында өтіп жатыр.