Comic Con Astana-ның бас продюсері Наталья Абрашкинаның айтуынша, Comic Con Astana жыл сайын ауқымын кеңейтіп келеді. Биыл ұйымдастырушылар шамамен 100 мың адам қатысады деп жоспарланған.
— Біздің мақсатымыз — әр жастағы қонаққа қызықты контент ұсынып, Comic Con Astana-ны жыл сайын күтетін дәстүрлі отбасылық фестивальге айналдыру, — деді спикер.
Ұйымдастырушылардың бұл сөзін фестивальге келген қонақтардың пікірі де айғақтай түседі.
Мәселен, Петропавл қаласының тұрғыны Бақтияр Долдыбаев Comic Con Astana-ға алғаш рет келіп, Naruto анимесіндегі сүйікті кейіпкері Тобидің образын таңдаған.
— Comic Con Astana 2026 фестиваліне алғаш рет келіп тұрмын. Naruto анимесіндегі ең сүйікті кейіпкерім — Тоби, сондықтан дәл осы образды таңдадым. Фестивальге келудегі басты мақсатым — «Тақтар ойыны» сериалындағы сүйікті актерім Николай Костер-Вальдаумен кездесіп, қолтаңба алу. Кезек көп болады деп естідім, бірақ бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жақсы өтеді деп сенемін, — дейді ол.
Өзбекстаннан арнайы келген Сабира Усенова да фестивальге алғаш рет қатысып отыр. Ол Zenless Zone Zero ойынындағы Промея кейіпкерінің образын таңдаған.
— Мұндай ауқымды шараға алғаш рет қатысып отырмын, содан да болар, ерекше атмосфераны сезініп, жақсы әсер алғым келеді. Аниме мәдениетіне қызыққаныма он жылдай болды. Бұл жолы Промея кейіпкерінің образын таңдап, костюмді арнайы тіктірдім. Биыл Астанадағы косплей байқауына қатыспайтын шығармын. Келесі жылы дайындалып, қатысуды жоспарлап отырмын, — деді Сабира Усенова.
Ал Қарағанды облысының Шахтинск қаласынан келген Ангелина Азаматова Honkai: Star Rail ойынындағы Sunday кейіпкерінің образын киіп келген. Ол да Comic Con Astana-ға алғаш рет қатысып отырғанын айтып, мұндай шараның ерекше әсер сыйлағанын жеткізді.
— Мен бұл фестивальге алғаш рет қатысып тұрмын. Сондықтан барынша көңіл көтеріп, жаңа адамдармен танысып, ерекше атмосфераны сезінгім келеді. Осындай шараға дайындалу оңай болған жоқ. Бүгін таңғы сағат бесте тұрып, образымды киіп, фестивальге әзірлендім. Үстімдегі костюмді арнайы сатып алдым. Алғаш рет қатысып тұрғандықтан, бәрі мен үшін ерекше әсер қалдырып жатыр, — дейді Ангелина Азаматова.
Осылайша, Comic Con Astana түрлі елдерден келген аниме, ойын, кино және косплей жанкүйерлерін бір алаңға жинап, олардың шығармашылығын таныстыруға және ортақ қызығушылық аясында жаңа байланыс орнатуына мүмкіндік беріп отыр.
Айта кетейік, бүгін елордада Орталық Азиядағы ең ірі поп-мәдениет фестивалі — Comic Con Astana 2026 басталды. Фестиваль 6-9 тамыз аралығында Barys Arena мен «Алау» мұз сарайында өтіп жатыр.