Coupang деректерінің тарауына қатысты күдіктінің IP-мекенжайы бақылауға алынды

Фото: Yonhap

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Корея полициясы дүйсенбі күні электронды коммерция алыбы Coupang-тағы деректердің таралуына қатысы бар күдіктіні анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын, пайдаланылған IP-мекенжайға қол жеткізілгеннен кейін оны бақылауға алғанын хабарлады. Бұл туралы Yonhap жазды.

Компания сенбі күні мәлімдегендей, деректердің таралуы маусым айында басталған және оның салдарынан 34 миллионға жуық клиенттің жеке ақпараттары — аты-жөні, электрондық поштасы, пошта мекенжайы және телефон нөмірі жарияланып кеткен.

Ақпаратта қылмыскер ретінде Қытай азаматы, компанияның бұрынғы қызметкері анықталғаны, оның Оңтүстік Кореядан кеткені айтылған.

«Біз Coupang ұсынған сервер журналдарын талдап жатырмыз», — деді Сеул қалалық полициясының өкілі журналистерге. «Қылмыс жасаған күдікті қолданған IP-мекенжайды анықтадық және оны бақылап отырмыз».

Ресми өкілдің хабарлауынша, полиция күдіктінің азаматтығын тексеріп, оның компаниядан кеткеннен кейін елден шығып кеткен-кетпегенін, сондай-ақ ақпараттық жүйеге жасалған бұзу әрекеті туралы Купанга қорқыту хатын жіберген адаммен ым-жымы бір екенін анықтап жатыр.

Компания бастапқыда шамамен 4500 адамның деректерінің таралуы туралы хабарлағаннан кейін полиция өткен айда ішкі тергеу бастаған.

Өткен аптада компания ақпараттық-коммуникациялық желіге заңсыз кіру дерегі бойынша белгісіз тұлғаға шағым түсіргеннен кейін ресми тергеу басталды.

Полиция өкілі деректердің таралуына байланысты дауыстық фишинг немесе смс-фишинг оқиғалары тіркелмегенін, бірақ осындай жағдайларға дайындалу үшін тиісті министрліктермен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Еске сала кетсек, Оңтүстік Кореяда жеке деректердің тарап кетуінен 33,7 млн пайдаланушы зардап шеккенін жаздық.