Өңірде бір тәулікте тағы 387 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның көбі дерттің симптомды түріне шалдыққан. Әсіресе Ақтөбе қаласындағы жағдай ушығып тұр. Қазір Ақтөбе медицина орталығын инфекциялық стационарға айналдыру мәселесі қарастырылып жатыр.
«Қазір барлығы 1043 адам ауруханада жатыр. Оның 780-і Ақтөбе қаласында. Ал аудандардан Хромтау, Қарғалы, Қобда, Байғанинде науқастар саны көп. Науқастардың 95-і жансақтау бөлімінде. Оның 19-ы өкпені жасанды желдету аппаратына, 45-і өкпені инвазивті емес желдету құрылғысына қосылды. Балалар туралы айтар болсам, барлығы 344-і бақылауда. Оның 23-і ауруханада жатыр. Барлығының да жағдайы орташа ауырлықта. Сонымен бірге 120 жүкті келіншектен коронавирус инфекциясы анықталып, оның 41-і емдеу мекемесінде ем қабылдап жатыр. Біреуінің жағдайы ауыр. Қазір облыс бойынша инфекциялық ауруханалар жүктемесі 65, ал жансақтау бөлімінде 50% құрап отыр», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.
Оның айтуынша, Ақтөбе қаласы бойынша облыстық инфекциялық аурухана жанындағы Мамандандырылған емдеу-сауықтыру орталығы, Наркология диспансері және ауа-тамшылар бөлімі бар. Облыстық фтизиопульмонологиялық орталық пен «Шағала» сауықтыру орталығы да вирус жұқтырғандарды емдеп жатыр. Ал жүкті келіншектер Ақтөбе медицина орталығындағы перзентхананың инфекциялық стационарына орналастырылған. Теміржол ауруханасындағы 200 төсек-орын да қолданылды.
«Егер дәл осы күйде вирус жұқтырғандар ауруханаға түссе, Ақтөбе медицина орталығында инфекциялық стационар ашылуы мүмкін. Сол кезде жоспарлы медициналық көмек уақытша тоқтатылады», - деді Бекболат Ізбасаров.