Бұл шара шаруалардың жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелеріне айтарлықтай қаржы шығынынсыз көшуіне мүмкіндік беруге, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізуге ниетті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қамту аясын кеңейтуге бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруалардың су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын өтеу мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін арттырған болатын. Мұндай технологияларды қолданған кезде суармалы судың субсидиясы 85%-ға дейін ұлғайтылды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанда су үнемдеу технологиялары қолданылатын жалпы аумақ 702,3 мың гектарға жетті. Бұл шамамен 1,1 млрд текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар заманауи суару жүйелерін енгізу қарқыны да жеделдеді. 2024 жылға дейін бұл көрсеткіш жылына орта есеппен 30 мың гектар болса, 2024-2026 жылдары жылына 150 мың гектардан асты.
Бұдан бөлек, суармалы суды субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, лазерлік тегістегіш субсидияланатын су үнемдеу технологияларының тізіміне қосылды.
- Қазақстан халқына Жолдауында Президент ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Өйткені тұтынылатын су ресурстарының 60%-ына дейінгі бөлігі осы салаға тиесілі. Министрлігіміз жүзеге асырып жатқан кешенді шаралар осы міндетті орындауға бағытталған. 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары қолданылатын жалпы аумақты 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, Қазақстандағы суармалы жердің 44%-ында су үнемдеу технологиялары қолданылады.