Cу тасқыны. ШҚО-да жасанды интеллектті қолданатын жедел штаб құрылды

Фото: ШҚО әкімдігі

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында су тасқынының алдын алу үшін жасанды интеллектті қолданатын жедел штаб құрылды.

Биыл Алтай ауданында қардың қалың жауғанына қарамастан, топырақтың қату деңгейі былтырғыдан әлдеқайда төмен. Бұл су тасқыны қаупін азайтады. Мамандар судың кедергісіз ағуын қамтамасыз ету үшін өңірдегі өзендерде жарылыс жұмыстары жүргізілуі тиіс 19 орынды анықтады.

— Әр елді мекен мен су басу қаупі бар аумақ үшін іс-қимыл алгоритмін құрастыру қажет. Мұздың қай жерде пайда болатынын, адамдарды қайда эвакуациялау керектігін, қандай күштер мен құралдар қажет екенін, су басу қаупі төніп тұрған ауылдар, жолдар мен көпірлердің бар-жоғын алдын ала білу керек. Әкімдер осы сұрақтардың жауабын біліп, тұрғындармен жеке аулаларды қардан тазарту туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Сондай-ақ оларға көмектескен жөн, — деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.

1 ақпаннан бастап облыста жасанды интеллектті қолданатын жедел штаб құрылды. Олар гидро және метеоқызмет деректері мен өткен жылдардағы ақпараттардың негізінде түрлі оқиғалар желісін болжайтын болады.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да апатты жағдайдағы Орта Теректі су қоймасында су тасқыны кезеңінде мамандар кезекшілік ететіндігі хабарланған.