Министрдің айтуынша, D санаты – экономикалық тұрғыдан осал отбасылар. Бұл санатқа табысы төмен, еңбекке қабілетті мүшелері жұмыссыз жүрген, несие бойынша мерзімі өткен берешегі бар немесе тұрғын үймен жеткілікті қамтылмаған отбасылар жатады.
– Бұл кедейлік шегінде тұрған отбасылар. Бір адамға шаққандағы табыс шамамен 51-102 мың теңгені құрайды. Мұндай табыс деңгейінде кез келген күтпеген жағдай отбасының ахуалын төмендетуі мүмкін, – деді Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Елімізде мұндай үй шаруашылықтарының саны шамамен 1,8 миллионды немесе 29% құрайды.
Сондай-ақ бұл отбасыларға мемлекеттің көмегі сақталады.
– Мұнда мемлекеттің қос міндеті бар: төлемдерді сақтау және отбасылардың табыс табуына мүмкіндік жасау. Сондықтан жәрдемақылармен қатар, азаматтардың жұмысқа орналасуына және кәсіптік білім алуына жәрдемдесу қарастырылған, – деп түсіндірді Еңбек министрі.
Бұған дейін Еңбек министрі «А» санатының белгілерін атаған еді.
Жәрдемақы үшін ажырасудың алдын алу үшін бөлек тұратын ата-аналар да баланың отбасы құрамына енгізіледі.
Еңбек министрі 36 жәрдемақының 14 түріне ғана мұқтаждық критерийі енгізілетінін айтуда.