Германияда сирек антикварлық басылымдарды сататын кітап дүкендерінде күтпеген сұраныс артқан. Жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін компаниялар тілдік модельдер мен чат-боттарды оқыту үшін мұндай кітаптарды көптеп сатып алып жатыр.
Неміс антикварлық кітап сатушылары бұл жағдайды арнайы форумдарда талқылап жатыр. Олардың айтуынша, кейбір дүкендерге жылдық табысына тең көлемде тапсырыс түскен. Сонымен қатар бірнеше жыл бойы ешкім қызықпаған басылымдар да жаңа иелерін тапқан. Тапсырыстардың басым бөлігі канадалық-америкалық Zoom Books компаниясынан түседі.
Сұраныс негізінен ғылыми-көпшілік және академиялық әдебиеттерге бағытталған, ал көркем шығармалар сирек сатып алынады. Швейцариялық SRF медиакомпаниясының мәліметінше, жасанды интеллект әзірлеушілері интернетте жоқ тарихи тілдік ерекшеліктер мен стильдік өзгешеліктерді қамтитын өңірлік тарих, тіл білімі, құқықтану және экономика жөніндегі ескі кітаптарды арнайы іздейді.
Миллиондаған кітап цифрландырылып жатыр
Былтыр қаңтарда The Washington Post газеті жасанды интеллект жүйелері интернеттегі ашық қолжетімді барлық цифрлық мәтіндерді өңдеп қойғанын жазған. Сондықтан әзірлеушілер енді қағаз кітаптарды цифрландыруға көшкен.
Басылымның мәліметінше, америкалық Anthropic компаниясы «Panama» атты құпия жоба аясында жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін миллиондаған баспа кітабын сатып алып, сканерлеген. Процесті жылдамдату үшін кітаптардың мұқабасы кесіліп алынып, бұл олардың іс жүзінде жойылуына әкелген.
Кейін Калифорниядағы компания авторлық құқықты бұзды деген айыпқа ілінді. Алайда сот дауын реттеу үшін 1,5 миллиард доллар төлеуге келіскен.
Берлиндегі кітап дүкендерінің бірінің иесі Урбан Церфас Norddeutscher Rundfunk медиакомпаниясына берген сұхбатында антикварлық басылымдарға деген қызығушылықты «алтын безгегімен» салыстырды.
Оның айтуынша, кітап сатушылар құнды басылымдардың сатып алынғаннан кейін жойылғанын қаламайды. Церфас Германия кітап саудасы биржалық одағы мен саясаткерлерді осы мәселеге назар аударуға шақырып, мұндай тәжірибені авторлық құқықтың бұзылуы деп бағалады.
Еске сала кетсек, Қазақстан әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект кластерін құруды жоспарлап отыр.
Ал Астанада жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жаңа цифрлық кеңсе ашылды.