Парламент депутаттары бастамашылық жасаған Заңның мақсаты – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметінің кейбір өзекті мәселелерін реттеу, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасын жетілдіру, сондай-ақ азаматтарды дактилоскопиялық тіркеуге және Astana Hub халықаралық технологиялық паркіне қатысушылардың жұмыс істеуіне байланысты мәселелерді регламенттеу.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мәліметінше, заңда қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру ескерілген. Бұл ретте, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мемлекеттік қызметтерді тікелей көрсететін немесе азаматтардың дербес деректеріне қол жеткізе алатын мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің жекелеген санаттарын мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілгендер қатарына жатқызу қарастырылған. Норма 2025 жылғы 1 қаңтарынан қолданысқа енгізіледі.
Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәртебесі өзгертілмек. Енгізілетін түзетулерге сәйкес Мемлекеттік корпорация фронт-офистердің жұмысы және қосымша сервистерді іске асыру бөлігінде мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру саласындағы бірыңғай провайдер болмайды.
Бұдан бөлек, Мемлекеттік корпорацияға «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі аясында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдауды ұйымдастыру құзыретін беру ескерілген.
«Ақпараттандыру туралы» ҚР Заңында Astana Hub халықаралық технологиялық паркінің қатысушысы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап аталған парктің тіркелген жері бойынша орналасуы тиіс деген талап қамтылған. Дегенмен, қажет инфрақұрылымның болмауына байланысты Заңмен Astana Hub халықаралық технологиялық паркіне қатысушының орналасқан жері бойынша осы талаптар алынып тасталады.
Мұнымен қоса, қарастырылып отырған Заңмен енгізілген маңызды жаңашылдықтың бірі – дактилоскопиялық тіркеу туралы ережелер. Мәселен, «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» 2016 жылғы Заңның 2-тарауында Қазақстан азаматының паспортын немесе жеке куәлігін алу үшін алғаш рет жүгінген, сондай-ақ бұрын дактилоскопиялық тіркеуден өтпеген Қазақстан азаматтары оны қалпына келтірген, ауыстырған жағдайларда еліміздің азаматтарын міндетті дактилоскопиялық тіркеу туралы нормалар белгіленген болатын. Алайда «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» ҚР Заңының 39-бабымен 2-тараудың қолданысы 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрған. Бүгін мақұлданған Заңда Қазақстан азаматтарына қатысты жоғарыда көрсетілген ережелер алынып тасталады және еліміз азаматтары үшін олардың келісімімен ғана ерікті дактилоскопиялық тіркеу енгізіледі. Міндетті дактилоскопиялық тіркеу теңізшінің жеке куәлігін алған жағдайда ғана сақталады.
Атап айтқанда, «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» ҚР Заңында белгіленген жағдайларда 16 жасқа толған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін міндетті дактилоскопиялық тіркеу болады. Заңға сәйкес дактилоскопиялық тіркеуге қатысты ережелер 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін жеке сәйкестендіру нөмірін алуға Қазақстан аумағындағы тіркеуші органдарға жеке өзінің жүгіну талабы енгізіледі. Бұрын олар мұны басқа адамдарға берілген сенімхат негізінде нақты орналасқан жері бойынша жасай алатын.
Тұтастай алғанда, Заңда Қазақстан Республикасының 17 заңнамалық актісіне, оның ішінде 5 кодекске және 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған. Заң мақұлданған кезде болатын нәтиже: мемлекеттік қызметті алушылардың мүддесіне сай заңнаманы жетілдіру, Мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметке қосымша сервистерді енгізу арқылы Мемлекеттік корпорацияның қосымша табыс алуы үшін мүмкіндік беру, дактилоскопиялық тіркеуді жүргізудің құқықтық негіздерін жақсарту.