Дала қыраны балапанын қоректендіріп жатқан сәт видеоға түсіп қалды

АСТАНА. KAZINFORM — «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Instagram парақшасына ерекше видео жариялады. Онда дала қыраны Aquila nipalensis балапанын қоректендіріп жатқан сәті видеоға түсіп қалған.

Видеодан алынған кадр

Дала қыранының көру қабілеті – оның ашық ландшафттарда тіршілік етуге бейімделген ең маңызды биологиялық құралы. Ол адам көзінен 4-8 есе өткір келеді, бұл құсқа бірнеше шақырым қашықтықтан ұсақ жемтікті байқауға қабілетті.

Дала қыраны Aquila nipalensis — қырандар тұқымдасына жататын ірі жыртқыш құс, ол негізінен Еуразияның дала және шөлейт аймақтарында, соның ішінде Қазақстан аумағында кең таралған. Оның қанат құлашы шамамен 1,8–2,2 метрге дейін жетіп, салмағы 2,5–5 килограмм аралығында болады. Түсі көбіне қоңыр реңкті болып келеді, жас құстардың түсі ашығырақ, ал ересектері қоюлау реңкке ие.

Бұл құс ашық дала мен шөлейт жерлерді мекендеп, ұясын көбіне жерге жақын жерлерге, жартасқа немесе сирек ағаштарға салады. Оның негізгі қорегі кеміргіштер, әсіресе суыр мен саршұнақ сияқты жануарлар, сондай-ақ ұсақ сүтқоректілер мен кейде құстар болып табылады, ал азық тапшы болған жағдайда өлексемен де қоректене алады.

Дала қыранының ең басты ерекшеліктерінің бірі — өте жоғары көру қабілеті, ол арқылы бірнеше шақырым қашықтықтан қозғалысты байқап, жемтігін дәл анықтай алады. Бұл түрдің көп популяциялары жыл құсы болғандықтан, күзде жылы жаққа ұшып кетіп, көктемде қайта оралады. Кейбір өңірлерде саны азайғандықтан, ол қорғауға алынған құстар қатарына жатады.

Бұған дейін «Алтын Емелде» Қызыл кітапқа енген дала қыранының екі ұясы анықталғанын жазған едік.