Даладағы әжетхана: Түркістан мектептерінде мәселе қашан шешіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқу-ағарту министрлігі «ҚазАқпарат» агенттігі жолдаған сауалға Түркістан облысының мектептерінде «даладағы әжетхана» проблемасы қашан шешілетінін мәлім етті.

Фото: CABAR.asia

«Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша Түркістан облысының 10 мектебінде аулалық санитарлық тораптар бар. 2023 жылдың соңына дейін ішкі санитарлық жүйенің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл мәселе министрліктің ерекше бақылауында.

Сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың төрағалығымен мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен кеңес өтті. Кеңес қорытындысы бойынша мектептерді заманауи санитариялық жүйемен жабдықтауға қойылатын талаптарды күшейту, білім беру ұйымдарында санитария және гигиена саласындағы Ұлттық стандартты әзірлеу бағытында санитариялық-эпидемиологиялық қағидаларды қайта қарау жөнінде тапсырмалар берілді», - делінген министрліктің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген жауабында.

Бұл тұрғыда Сауда және интеграция министрлігіне білім беру ұйымдарында санитариялық жүйенің жұмыс істеуін және толықтай қамтамасыз етілуін регламенттейтін Ұлттық стандартты әзірлеу мәселесі бойынша өтінім жолданды. 2023 жылғы 27 шілдеде Ұлттық стандарттау жоспарына енгізуге өтінімді ғылыми-техникалық кеңес қарап, мақұлдаған.

«ҚР СТ «Жалпы білім беретін мекемелердің санитарлық тораптары. Жалпы талаптар» 2023 жылға арналған Ұлттық стандарттау жоспарына енгізілді (Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 31.07.2023 жылғы № 275-НҚ бұйрығы).

Білім беру ұйымдарында санитариялық жүйені қамтамасыз ету жөніндегі Ұлттық стандартты қабылдау осы нысандарға қатысты қойылатын бірыңғай нормалар мен талаптарды реттеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мұндай нысындардың сапасы мен қауіпсіздігін арттырады», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл қаңтар айында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жыл соңына дейін әжетханасы сыртта орналасқан мектептердің мәселесі шешімін табатынын айтты.