Топ құрамының мүшелері аудан тұрғындарын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шарттарымен ақпараттандырып, өз бизнесін бастаймын деген жас кәсіпкерлерге кеңестерін берді.
Сонымен қатар 1990 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып отырған Әйтеке би кентінің тұрғыны, 1-топтағы мүгедек Оңғарбай Жолмырзаевтың отбасында болып, жігерлі кәсіпкерге «Даму-көмек» бағдарламасы аясында «Ерлан» ЖК демеушілігімен алынған электр қуатымен жұмыс істейтін жаңа үлгідегі тігін машинасын табыстады. Мүгедек кәсіпкер өз тарапынан үлкен алғысын білдіріп, «Даму» қорына және жас кәсіпкер Ерланға жылы лебіздерін жеткізді. Оңғарбай Жолмырзаев: «Мен «Даму-көмек» бағдарламасы жайлы теледидардан көріп, өз тарапымнан оның Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалына өтінішімді жолдаған болатынмын. Көп ұзамай «Даму» қорының қызметкерлері маған хабарласып демеушінің табылғаны жайлы хабар беріп қуантты. Ал енді міне, Қызылорда қаласынан келіп, тігін машинасын арнайы табыстағаны мен үшін үлкен мәртебе. Маған осы тігін машинасын алып берген «Ерлан» ЖК және Даму қорына үлкен алғысымды білдіремін».