Данилина жұптық сында қарсыластарын сенімді ұтты

АСТАНА. KAZINFORM — Жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина Франция ашық чемпионатындағы жолын сәтті бастады. Бұл туралы ҚТФ мәлімдеді.

Фото: ҚТФ

Старттық кездесуде отандасымыз (WTA жұптық рейтингінде 6-орын) сербиялық Александра Круничпен бірге Чехия өкілдері Джессика Малечкова мен Мириам Шкох тандемін айқын басымдықпен ұтты. Жарыстың 2-ші нөмірлі жұбы саналған Данилина мен Крунич алғашқы геймдерден-ақ бастаманы өз қолдарына алып, маңызды ұпайларда қатесіз ойнады. 1 сағат 25 минутқа созылған матч 6:4, 6:1 есебімен аяқталды.

Екінші айналымда олар Майя Джойнт (Австралия) / Хенне Вандевинкель (Бельгия) халықаралық дуэтіне қарсы кортқа шығады.

Анна Данилина әйелдер арасындағы бәсекеден бөлек, Парижде микст (аралас сында) бағдарламасында да бақ сынайды. Бұл сында оның серігі америкалық Джей-Джей Трэйси болмақ.

Қазіргі уақытта Анна Данилина мен Юлия Путинцева Франция ашық чемпионатының әйелдер арасындағы жарысында ел намысын қорғап жатқан соңғы теннисшілеріміз. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ұлттық құрама көшбасшысы Елена Рыбакина екінші айналымда жеңіліп, турнирді мерзімінен бұрын аяқтаған болатын.

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық теннисші Анна Данилина Францияның Страсбург қаласында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирдің жартылай финалына шыққан болатын.