Дания мектептерінде оқушыларға үзіліс кезінде де телефон қолдануға тыйым салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Дания үкіметі мектептер мен мектептен тыс білім беру мекемелерінде ұялы телефондар мен интернетке қосылатын жеке құрылғыларды пайдалануға бүкіл ел бойынша тыйым салу жөнінде саяси келісімге келді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еуропадағы меншікті тілшісі.

Фото: pexels

Дания үкіметі бұл бастаманы «Біртұтас тізім – Қызыл-жасыл коалиция» және «Альтернатива» партияларымен бірлесіп мақұлдады.

Келісімге сәйкес, жаңа шектеулер 2027-2028 оқу жылынан бастап күшіне енеді. Тыйым негізгі мектеп оқушыларына, жоғары 10-сыныпқа және мектептен тыс білім беру ұйымдарына қатысты болады.

Оқушыларға ұялы телефондарды сабақ кезінде ғана емес, үзіліс уақытында да пайдалануға рұқсат етілмейді. Шектеу интернетке қосылатын өзге де жеке электрондық құрылғыларды қамтиды.

Сонымен қатар Дания мектептері өздерінің интернет желілерінде контентті сүзгіден өткізу жүйесін енгізуге міндеттеледі. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерге, ойындарға, интернет-дүкендерге және білім беру үдерісіне қатысы жоқ басқа да сайттарға кіру шектеледі.

Телефондарды таңертең жинап алу немесе өшірілген күйінде сөмкеде сақтау тәртібін әр мектептің директоры дербес белгілейді.

Данияның білім министрі Магнус Хойнике балалардың әлеуметтік желілерге, интернет-дүкендер мен ойындарға үнемі алаңдамай, білім алуға мүмкіндігі болуы керектігін атап өтті.

– Балалардың әлеуметтік желілерге, интернет-дүкендер мен ойындарға үнемі алаңдамай, білім алуына мүмкіндік жасалуы тиіс. Жаңа шектеулер мектептегі тыныштықты сақтауға, оқушылардың зейінін сабаққа шоғырландыруға және олардың бір-бірімен тікелей қарым-қатынасын арттыруға бағытталған, – делінген бастаманың мақсаты туралы ақпаратта.

Жаңа келісім 2025 жылы қабылданған, тек үшінші сыныпқа дейінгі оқушыларға телефон қолдануға тыйым салуды көздеген партияаралық уағдаластықтың орнына енгізіледі.

Тиісті заң жобасын парламенттің қазіргі сессиясында қарауға ұсыну жоспарланған.

Бұл шешім дат оқушыларының білім көрсеткіштері төмендегенін көрсеткен PISA халықаралық зерттеуінің соңғы нәтижелері аясында қабылданып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Франциядағы барлық лицейде ұялы телефон пайдалануға тыйым салу мәселесі қарастырылған еді. Бұл ретте құрылғыларды оқу мақсатында қолдануға мүмкіндік беретін бірқатар ерекшелік көзделген.