— Бұл жөнінде мен бірінші рет біліп тұрмын сіздерден. Негізі жақсы болды. Әсіресе ата-аналар үшін. Неге? Себебі біз витаминдер аламыз, дәрілер аламыз, — дейді Астана қаласының тұрғыны Аягөз Шойынбаева.
Бұл ретте ескеретіні — дәрілерді міндетті түрде таңбалау осы жылдың шілдесінен басталды. Сондықтан осы мерзімге дейін шығарылған препараттарда ақпарат не код болмауы мүмкін.
— 2022 жылдан бастап дәрілерге матрикс код енгізу басталды. Сол уақытта 90 дәрілік препарат анықталды. Биыл барлығына міндеттелді. Елге жеткізетін өндірушілер мен тасымалдаушылар таңба басады, — дейді Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жөніндегі жоба жетекшісі Анар Кәрібаева.
Таңба арқылы тексеру біріншіден — денсаулық кепілі. Екіншіден — тауардың қаншалықты заңды жолмен шыққанына және оған салық төленгеніне куә боласыз.
— Бізге, балабақша, мектеп, жол керек. Ал оның барлығы салықтың қаражатына салынады. Сондықтан бұл жерде тұтынушы өзінің ғана емес, мемлекеттің де мүддесін қорғайды, - дейді Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл департаментінің директоры Нұрлыбек Исабеков.
Қосымша арқылы тұтынушы «халықтық бақылау» жүргізе алады. Егер тауарда таңба болмаса немесе код жалған болып шықса шағымдана алады. Бағдарлама «Е-өтініш» платформасымен интеграцияланған. Бірден өтініш мемлекеттік органдарға түседі. Шағымды анонимді жазуға болады.