Құжатты Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев таныстырды.
— Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылы Денсаулық сақтау кодексі қабылданды. Осы уақыт ішінде медицина саласында бірқатар өзгеріс болды. Жаңа технологиялар енгізіліп, медициналық қызмет көрсету мүмкіндіктері кеңейді. Осыған байланысты қолданыстағы заңнаманы бүгінгі талаптарға сай жетілдіру ұсынылып отыр, — деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, заң жобасы негізгі алты бағытты қамтиды:
• Денсаулық сақтау саласын цифрландыру;
• Медицина ғылымын дамыту және жаңа технологияларды енгізу;
• Медициналық туризмді дамыту;
• Медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
• Пациенттердің құқықтарын қорғау және құжат рәсімдеуді жеңілдету;
• Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру.
Сонымен қатар, Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, ұсынылып отырған заң жобасының негізгі мақсаты — денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру.
— Біз үшін ең маңыздысы — қабылданатын әрбір өзгерістің халыққа нақты пайдасын тигізуі. Заң жобасы осы міндеттерді іске асыруға қажетті құқықтық негіз қалыптастырады, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі жүкті әйелдер мен балаларға қатысты тапсырма бергенін жазғанбыз.