— Құтқарылғандардың ішінде 6 бала бар. Сондай-ақ 62 адам эвакуацияланды. Апаттық-құтқару жұмыстары Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары аумағында, сондай-ақ Май, Ақтоғай, Баянауыл, Шарбақты және Павлодар аудандарында көріну мүмкіндігі нөлге тең жағдайда жүргізілді. Екпіні секундына 30 метрге дейін жеткен қатты желдің салдарынан қазіргі уақытта төбен жабындарының ұшуы бойынша 33 дерек тіркелді. Бірқатар елді мекенде электр жарығы өшіп қалған. Шығынды анықтау және қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру мақсатында аталған өңірлерде жергілікті атқарушы органдардың төрағалығымен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялар жұмыс істеп жатыр, — деп хабарлады департаменттен.
Облыс бойынша жалпы сыйымдылығы 20 мыңнан астам адамға арналған 188 жылыту пункті дайындалған. Оларда 4302 төсек-орын бар. Жылыту пункттеріне 195 адам орналастырылған.
Қазіргі уақытта барлық бағыттар бойынша жолдар ашық, техника кептелісі байқалмайды. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Павлодар облысы бойынша дауылды ескерту әлі де күшінде сақталып тұр. Ауа райын болжаушылардың мәліметінше, 11 наурызда оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы 15-20 м/с, екпіні 23-28 м/с, кей жерлерде 30 м/с-қа дейін және одан да артық болады деп күтіліп отыр. Екпінді жел 12 наурызда күні де сақталады, жылдамдығы секундына 23-28 метрге дейін жетуі ықтимал.
Құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға және қолайсыз ауа райы кезінде ұзақ сапарлардан бас тартуға шақырып отыр.
Еске сала кетейік, 10 наурыз күні Павлодарда ақ түтек боранның салдарынан жол апаттары жиілеп, бір аудан жарықсыз қалды.
Сондай-ақ дауыл салдарынан Ақсу ферроқорытпа зауытында мұржаның бір бөлігі құлаған.