Астана әуежайында ересектер арасында муай-тайдан әлем чемпионы атанған елордалық спортшы Давид Широкорадовты ата-анасы, жақындары, достары және спорт саласының өкілдері күтіп алды.
Айта кетейік, әлем чемпионаты Косово Республикасының Дечани қаласында өтті. Дүбірлі додаға әлемнің 60 елінен 350-ден астам спортшы қатысты.
Байрақты бәсекеде Астана қаласының спортшысы Давид Широкорадов 57 келіге дейінгі салмақта «А» (Elite) сыныбында өнер көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды.
Чемпиондық жолда елордалық спортшы Әзербайжан және Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдерін жеңіп, ересектер арасында муай-тайдан әлем чемпионы атанды.
Давид Широкорадов — муай-тайдан Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер. Спортшының жаттықтырушысы — Нұртаза Жұмаханов.
Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы «А» сыныбында жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Сондай-ақ вай-кру, май-муай және муай-тай татами бағыттары бойынша ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте үшінші орын иеленді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан еркін күрестен Армениядағы турнирде сегіз медаль жеңіп алғанын хабарлағанбыз.