Қазақстан еркін күрестен Армениядағы турнирде сегіз медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM — Арменияның Ереван қаласында еркін күрестен ересектер арасында халықаралық турнир аяқталды.

Қазақстан еркін күрестен Армениядағы турнирде сегіз медаль жеңіп алды
Фото: UWW

Отандастарымыз аталған бәсекеде сегіз медаль жеңіп алды.

Бірінші жарыс күнінде Асхаб Хаджиев 86 келіге дейінгі салмақтың финалында 2025 жылғы әлем чемпионы Захид Валенсиямен (АҚШ) кездесіп, 12:11 есебімен басым түсті. Дәл осы салмақта Рүстем Мырзағалиев үшінші орынды иеленді.

65 келіге дейінгі салмақта Өсімжан Дастанбек күміс, Әділ Оспанов қола медаль жеңіп алды. 74 келіге дейінгі салмақта Дархан Есенғали үздік үштікті түйіндеді.

Екінші жарыс күнінде Мейрамбек Қартбай (61 келіге дейін) күміс медальға ие болды. Ал Ернұр Нұрғазы (70 келіге дейін), Диас Сағдатов (79 келіге дейін) қоламен күптелді.

Еске салайық, бұған дейін ел құрамасы баскетболдан 2026 жылғы Азия ойындарындағы өнерін аяқтағанын жазғанбыз.